Euronews Бурабай мен Шымбұлақ туралы сюжет көрсетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Euronews арнасындағы «Саяхат» айдарында Қазақстанның танымал туристік нысандары - Бурабай мен Шымбұлақ туралы видеороликтер көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-қа сілтеме жасап.

«Бурабай ұлттық паркі - 835 шаршы шақырымды құрайтын тұмса табиғат. Онда ағаштар, таулар және көлдер орналасқан. Бурабай - Астана тұрғындарына кеңінен танымал демалыс орны. Онда қала тұрғындары бірнеше күнге табиғат аясында демалу үшін келеді», - деп баяндады халықаралық телеарнаның тілшісі.


Атқа мінуге баса назар аударылып, туристерге атпен жүруді үйрететін Ержан Ілиясов пен оның ұлы Алан туралы да аталып өтілген. Олар әр туриске он минут бойы атқа мінуді үйретеді, кейін олардың әрқайсысы өздігімен атпен жүріп кетеді. Мұны Euronews тілшісі өзі тексергенін тілге тиек етті.

Еуропалық журналистердің назарына Алматыға жақын орналасқан Шымбұлақ тау шаңғысы курорты ілікті.


«Аспалы жолдың екінші аялдамасы 3 200 метр биіктікте мұздықтың етегінде орналасқан. Бұл жерден әсем табиғатты тамашалауға болады. Мұндағы сұлулық Еуропадағы танымал таулардан кем емес. Жазда бұл жерден тырнақұтан мен суырларды кездестіруге болады», - деді сюжеттің авторы.

Арна көрермендері арасында бүркітпен аң аулау туралы сюжет де кеңінен танылған.

«Бүркіт Қазақстанда нышандық мәнге ие. Оны көк түстің ортасында бүркіт бейнеленген мемлекеттік тудан көруге болады. Ол Шыңғысханның байрағы іспеттес. Бүркітпен аң аулау - Қазақстанның ежелгі дәстүрі», - деп айтылады роликте. 

Соңғы жаңалықтар