Еурокомиссия Украинадан келген босқындарға 3,5 млрд еуро бөлді

Фото: None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық Комиссия Украинадан келген босқындарды өз аумағында қабылдау үшін Еуроодаққа мүше мемлекеттерге 3,5 миллиард еуродан астам аванс төледі, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Біріктіру саясаты және реформалар жөніндегі еурокомиссар Элиза Феррейра: «Еуропалық Одақ Украинамен, сондай-ақ біздің мүше-мемлекеттермен босқындарды қабылдау үшін ынтымақтасады. Бүгін біз ынтымақтастығымыздың тағы бір нақты нәтижесін көріп отырмыз. Ол – бірігу қорын ең қажет бағытқа жұмылдыру», – деп мәлімдеді.

Еуропалық Одақтың жұмыспен қамту және әлеуметтік құқықтар жөніндегі комиссары Николас Шмит: «Украинадан қашқан адамдар қауіпсіз өмірін қалпына келтіру үшін дереу қолдауды қажет етеді. Осы аванс арқылы одаққа мүше мемлекеттер мұқтаж жандарға азық-түлік, баспана, денсаулық сақтау, білім салаларында, жұмысқа тұруда көмек және тағы басқаларын ұсына алады», – деді.

Еурокомиссияның баспасөз қызметі 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін Еурокомиссия Украинадан шыққан бейбіт тұрғындарды қолдауға және ЕО-ға мүше мемлекеттерге оларды қабылдауға және көмек көрсетуге бүкіл күш-жігерін жұмылдырғанын хабарлады.

Атап айтқанда, Еурокомиссия 2014-2020 жылдарға арналған бағдарламалар шеңберінде біріктіру саясатынан қолда бар ресурстарды икемді жұмылдыру, сондай-ақ 100% қоса қаржыландыру және «REACT-EU» бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруды 3,5 млрд еуроға ұлғайту мүмкіндігін енгізді.

Еурокомиссия жарнасы ЕО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік бюджетіне түсетін қосымша жүктемені жеңілдетеді.


Соңғы жаңалықтар