Еуро мен фунт-стерлинг әлсіреп жатқанда дамушы елдердің валютасына одан да ауыр салмақ түседі – экономист

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі экономист, Progente экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, Халықаралық Бизнес Университетінің аға оқытушысы Мақсат Халық ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында жыл аяғына дейін рубль мен доллар бағамы қалай құбылуы мүмкін екенін айтты.

«Валюта нарығындағы рубльге байланысты жағдай түсінікті. Ол қазір Ресей үкіметінің рубль бағамын қолмен ұстап тұрғанынан шығып отыр деп айтуға болады. Одан бөлек жалпы геосаяси жағдайдың да әсері бар. Әсіресе, бұған дейін рубльдің күшейіп кетуіне Ресейдің Еуропаға мұнай мен газын сата алғаны әсерін тигізді. Мұнай мен газ экспортының арқасында Мәскеуге шетелдік валюта келіп отырды. Сондықтан Ресей үшін, рубль үшін қатты қысым болған жоқ. Бірақ келесі жылдан бастап рубльге біраз қиындық туындайды деп айтуға негіз бар. Өйткені толық эмбарго жариялануы мүмкін. Негізі жариялап та қойды. Яғни, келесі жылдан бастап Еуропа елдері Ресейдің мұнайы мен газын алмаймыз деген талап қойып отыр. Бірақ оның бәрі аталған елдердің қыстан қалай өтетініне байланысты. Еуропаның кейбір мемлекеттері ертең сол келісімде тұра ма, тұрмай ма деген мәселелер де бар», - дейді сарапшы.

Экономист АҚШ-тың ақша несие саясаты бұрын-соңды болмаған бағытқа ойысқанын еске салды.

«Ал долларға қатысты айтсақ, Федералды резервтер жүйесінің басшысы Джером Пауэлл бұрын-соңды болмаған ақша-несие саясатын жүргізіп отыр. Яғни, ақша-несие саясаты барынша қатаңдатылды. Соңғы уақыттарда доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін қатарынан төрт рет, соңғы ретінде тіпті бірден 0,75 пайыздық пунктіге өсіріп отыр. Оның бәрі белгілі дәрежеде доллардың негізгі резервті валюталарға қатысты құнының артуына алып келді.

Қазірдің өзінде еуроның бағамы доллармен теңесіп тұр. Доллар бағамы тіпті британ фунт-стерлингіне теңесіп қалды. Резервті валютаға жататын Жапонияның иені, Қытайдың юані долларға қатысты әлсіреп жатыр. Демек негізгі резервті валюталардың өзі құнсызданып жатқанда дамушы елдердің валютасына тіпті үлкен салмақ түсіреді», - дейді экономист ғалым.

Оның айтуынша, мұның салдары дамушы елдердің инвестициялық тартымдылығына көлеңке түсіруі мүмкін.

«Өйткені қазір Американың қазыналық құнды қағаздары әлдеқайда тиімді болып тұр. Яғни, пайыздары өскеннен кейін, кез келген инвестор дамушы елдерге барып ақша құйғанша Американың құнды қағаздарында ұстап отыруды дұрыс көреді. Сол кезде дамушы елдерден капитал ағыны болады. Осындай сценарий қазірдің өзінде өрби бастады деуге болады. Демек мұның бәрі алдағы уақытта біздің теңгеміздің де әлсіреуіне алып келеді деп айтуға негіз болады», - деді Мақсат Халық.

Айте кетсек, Kurs.kz деректері бойынша, Астанадағы валюта айырбастау орындарында 1 доллар 475 – 480 теңгеден сатылып жатыр.

Ал 23 қыркүйекте Ресей рублінің бағамы 8,03 теңгеге дейін барған болатын.



Фото: best-wallpaper.net




Соңғы жаңалықтар