Еуро-2024: Шотландия Испанияны 38 жылдан кейін жеңді

Фото: Фото: IAN MACNICOL/GETTY IMAGES
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының 2-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күні A, D, I топтарында екінші тур ойындары өтті.

Негізгі ойынның бірі А тобында Шотландия мен Испания арасында болған еді.

Алғашқы турда Испания өз алаңында Норвегияны, Шотландия Кипрді 3:0 есебімен тас-талқан етіп жеңген болатын. Испаниялық футболшылар бұл жолы қарсыласына қауқар көрсете алмады. Нәтижесінде 0:2 есебіне жол беріп, жеңілістің ащы дәмін татты.

Айта кетерлігі, бұдан бұрын Шотландия аталған қарсыласынан 1984 жылдың 14 қарашасында басым түскен-ді. Енді 38 жылдан кейін сол жетістігін қайталап отыр.

Осылайша екі турда алты ұпай олжалаған Шотландия өз тобында көш басына шықты.

Сондай-ақ, аталған топта Грузия - Норвегия 1:1 есебімен тең түсті.

Ал D тобында Уэльс пен Латвия 1:1 есебіне қанағат білдірсе, Түркия өз алаңында Хорватияға 0:2 есебімен жеңілді.

Ал I тобында Косово - Андорра 1:1 есебімен тең ойнаса, Швейцария Израильді 3:0, Румыния Беларусьті 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді үшінші тур ойындары 16-17, 19-20 маусым күндері өткізіледі.

Еске салсақ, 26 наурызда H тобында Қазақстан құрамасы Данияны 3:2 есебімен ұтты.


Соңғы жаңалықтар