АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысы аясында 2-турдың бірінші ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
J тобында сынға түсетін Португалия құрамасы сырт алаңда Люксембургпен кездесті.
Ойын барысында португалиялық құрама бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде олардың қатарынан Криштиану Роналду 9-минутта есеп ашты. Одан кейін Жоау Феликс 15, Бернарду Силва 18-минутта есепті үстемелей түсті. Криштиану Роналду 31-минутта аталған кездесудегі екінші голының авторы атанды. Осылайша, шабуылшы екі ойында төрт голдың авторы атанды.
Ойынның 77-минутында Отавио, 89-минутында Рафаэл Леау басымдықты арттырды.
Осылайша, Португалия қарсыласынан 6:0 есебімен басым түсті.
Бұл топтағы Словакия құрамасы Босния және Герцоговинаны 2:0 есебімен жеңсе, одан бұрын аталған топта Лихтенштейн өз алаңында Исландияға 0:7 есебімен есе жіберген еді.
Ал C тобында Италия сырт алаңда Мальтадан, Англия құрамасы Украинадан 2:0 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, аталған топта 26 наурызда Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ, Словения өз алаңында Сан-Мариноны 2:0 есебімен тізе бүктірді.