АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы сынға түсетін H тобындағы тағы бір ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екінші турда Словения өз алаңында Сан-Мариноны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Олап алғашқы турда елордада Қазақстан құрамасынан 2:1 есебімен басым түскен болатын.
Кездесу барысында словениялық құрамадан Беньямин Шешко 57-минутта мергендік танытты. Ал 60-минутта Сан-Марино құрамасынан Роберто Ди Майо өзінің қақпасына гол соғып алды.
Еске салсақ, аталған топта 26 наурызда Қазақстан құрамасы өз алаңында Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Әзірге екі турдан кейін алты ұпай жинаған Словения көш басында тұр. Одан кейінгі орындардағы Солтүстік Ирландия, Дания, Қазақстан құрамаларының еншісінде үш ұпайдан бар. Ал Финляндия мен Сан-Марино әзірге ұпай еншілеген жоқ.
Сондай-ақ бүгін аталған топта Солтүстік Ирландия - Финляндия құрамалары кездеседі.
Екінші турдың алғашқы ойын күнінде бірқатар кездесудің нәтижесі белгілі болды.
C тобында Англия өз алаңында Украинадан 2:0 есебімен басым түсті. Бұл топта енді Мальта - Италия құрамалары шеберлік байқасады.
J тобында Лихтенштейн Исландияға 0:7 есебімен жол берді. Аталған топта бүгін Люксембург - Португалия, Словакия - Босния және Герцоговина құрамалары жасыл алаңға шығады.