Euro-2024: Испания Норвегияны ірі есеппен ұтты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Наурыздың 25-інен 26-нa қараған түні футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының бірінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А тобында сынға түсетін Испания өз алаңында Норвегия құрамасымен кездесті.

Ойын барысында испаниялық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 13-минутта Дани Ольмо есеп ашты. Одан кейін Хоселу 84, 85-минутта екі гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Испания қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті.

Аталған топта Шотландия дәл осындай есеппен Кипрді тізе бүктірді.

D тобында Түркия сырт алаңда Арменияны 2:1 есебімен басым түссе, Хорватия мен Уэльс 1:1 есебімен тең ойнады.

Ал I тобында Беларусь құрамасы Швейцарияға 0:5 есебімен жол берсе, Израиль – Косово кездесуінде 1:1 есебі тіркелді. Сондай-ақ Андорра Румыниядан 0:2 есебімен жеңілді.

Айта кетсек, бүгін, 26 наурызда C, H, J тобындағы құрамалар екінші тур ойындарын өткізеді.

Бұл күні H тобындағы Қазақстан өз алаңында Данияны қабылдайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Франция құрамасы Нидерландты ойсырата жеңді.


Соңғы жаңалықтар