Еуро-2020: Сан-Марино құрамасының әлеуеті қандай

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңіндегі I тобында төртінші тур өткізіледі. Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біздің жігіттер бұған дейін өз тобында үш ойын өткізді. Алдымен өз алаңында Шотландия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін Ресейден 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал 8 маусымда сырт алаңда Бельгияға 0:3 есебімен жол берді. Ал Сан-Марино барлық кездесуде қарсыластарынан ұтылды. Атап айтқанда, Кипрге 0:5, Шотландияға 0:2, Ресейге 0:9 есебімен есе жіберді.

Сан-Марино - әлемдегі ең шағын мемлекеттің бірі. Бұл ел дүние жүзінде жер көлемі жөнінен 190-орынды иеленеді. Халық саны - 33 мыңнан астам. Аталмыш мемлекет Италияның ортасында орын тепкен.

Сан-Марино футбол федерациясы 1931 жылы құрылған. Дегенмен, FIFA және UEFA құрамына 1988 жылы қабылданды. Олар - әлемдегі ең әлсіз құраманың бірі. FIFA-ның соңғы рейтингінде 211 құраманың арасында ең соңғы орында тұр. Осының өзі олардың әлеуеті қандай екенін айқындай түседі.

Сан-Марино құрамасы бүгінге дейін әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде барлығы 66 ойын өткізді. Нәтижесінде екі мәрте тең түсіп, қалғанының барлығында қарсыласына есе жіберді. Алғаш рет 1993 жылдың 10 наурызында өз алаңында Түркиямен 0:0, одан кейін 2001 жылдың 25 сәуірінде сырт алаңда Латвиямен 1:1 есебімен тең түсті. Қарсыластар қақпасына 11 мәрте гол соғып, өз қақпасына 310 доп жіберіп алды. Аталмыш турнирде олардың ең ірі жеңілісі ретінде 2001 жылдың 28 ақпанында сырт алаңдағы Бельгиямен өткен ойындағы 1:10 есебі тіркеліп отыр.

Сан-Марино құрамасы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде барлығы 69 ойын өткізді. Олар бір мәрте өз алаңында 2014 жылдың 15 қарашасында Эстониямен 0:0 есебімен тең түсіп, қалғанының барлығында жеңілді. Бұл турнирдегі ең ірі жеңілісінде 2006 жылдың 6 қыркүйегінде Германиядан 0:13 есебімен жол берген.

Сан-Марино құрамасы сапындағы футболшылардың барлығы дерлік өз елінің біріншілігінде сынға түседі. Соңғы жылдарда аталмыш мемлекетте «Ла Фиорита» және «Тре Пенне» командалары жоғары жетістіктерге қол созып келеді. Қазірге дейінгі үздік ойыншылар қатарында Анди Сельваны айтуға болады. Ол кезінде Италияның «Эллас Верона» командасының намысын қорғаса, қазір өз елінің «Ла Фиорита» клубында ойын көрсетеді. Сондай-ақ, қазіргі күндері Италияда ойнайтын қақпашы Элиа Бенедеттини («Новара»), Лука Този. Марчелло Муларони мен Фабио Томассини (үшеуі де «Пьетракутадан»), Алсессандро Полинуччи мен Маттео Витайоли ( екеуі де «Тропикал Корианодан»), Лоренцо Лунадей («Риччьоне»). Филиппо Берарди («Монополи»), Никола Нанни («Кротоне») бар. Дегенмен, олардың барлығы Италияның төменгі лигаларында ойын көрсетеді.

Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы бүгінге дейін Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде 37 ойын өткізді. Оның 5-і біздің пайдамызға шешілсе, 7-і тең нәтижемен аяқталды. Қалған 25 кездесуде қарсыластарға есе жіберіп қойды.

Қазақстан мен Сан-Марино құрамалары бұған дейін бірде-бір мәрте кездесіп көрген жоқ. Сондықтан, бүгінгі ойын екі құрама арасындағы тарихи матч ретінде тіркеледі.

Аталмыш кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 19.50-де басталады. Ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар