Еуро-2020: Қазақстан Ресейден соңғы минуттарда жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңіндегі I тобындағы кезекті ойынында Қазақстан құрамасы сырт алаңда, Ресейдегі Калининград қаласында кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Қазақстан құрамасы сапында алғашқы минуттан Дмитрий Непогодов, Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Абзал Бейсебеков, Айбол Әбікен, Юрий Перцух, Георгий Жуков, Максим Федин, Алексей Щеткин шықты.

Ал Ресей құрамасы сапында Маринато Гилерме, Юрий Жирков, Георгий Джикия, Андрей Семенов, Марио Фернандес, Магомед Оздоев, Ильзат Ахметов, Антон Миранчук, Денис Черышев, Александр Головин, Артем Дзюба ойын басынан жасыл алаң төрінен көрінді.

Бірінші кезеңде ойын тізгіні негізінен Ресей құрамасында болды. Кездесудің басым бөлігінде алаң иелері шабуыл ұйымдастырды. Әсіресе, алғашқы он минутта олар қазақстандық қақпа маңын жиі торуылдады. Десе де өз дегеніне жете алған жоқ.

Бірінші кезеңде допты ұстап жүру жөнінен Ресейдің көрсеткіші 62 пайызға жетсе, ол Қазақстан құрамасында 38 пайызды көрсетті. Алаң иелері Қазақстан қақпасына 11 соққы бағыттаса, бізден небәрі үш-ақ соққы болды.

Қазақстан құрамасы негізінен қорғаныста жүрді. Соған қарамастан ұрымтал сәттерде қарсы шабуылға шықты. Қазақстандық құрама сапынан Дмитрий Шомко, Алексей Щеткин, Абзал Бейсебеков, Григорий Жуков сынды футболшылар белсенді қимыл көрсетті.

Екінші кезеңде де алаң иелері шабуылға шықты. Ойын басынан гол соғу мүмкіндігін іздеді. Оған қазақстандық футболшылар мүмкіндік бере қойған жоқ. Кейбір жағдайда қазақстандық қақпашы әбжілдік танытса, ендігі бір сәтте қорғаушылар сенімді ойын көрсетті. Ойынның 88-минутында сол қанаттан әуелете берген допты ресейлік қорғаушы Марио Фернандес Қазақстан қақпасына баспен соғып кетті.

I тобында тағы екі кездесу өткізілді. Сырт алаңда Кипр Сан-Мариноны, Бельгия Шотландияны 4:0 есебімен жеңді.

Енді 7-тур ойындары 10 қазанда өткізіледі. Бұл турда Қазақстан өз алаңында Кипрді қабылдаса, дәл осы күні Ресей мен Шотландия, Бельгия мен Сан-Марино құрамалары кездеседі.




Соңғы жаңалықтар