Еуро-2020: Қазақстан Ресей құрамасымен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа біріншілігі іріктеу сатысындағы кезекті ойынында Қазақстан құрамасы Ресеймен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, біздің құрама I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Ресей, Шотландия, Сан-Марино және Кипр құрамалары. Бүгінгі кездесу Ресейдің Калининград қаласында өткізіледі. Бұл қос құраманың да іріктеу сатысындағы алтыншы ойыны. Бес ойыннан кейін Ресей 12 ұпаймен екінші орында келе жатса, Қазақстан 7 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Өткен турда құрамамыз сырт алаңда Кипрмен 1:1 есебімен тең ойнады. Оған дейін қазақстандық футболшылар төрт ойын өткізді. Алдымен 21 наурызда өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңсе, одан кейін 24 наурызда Ресейге 0:4 есебімен жол берді. Ал 8 маусымда сырт алаңда Бельгиядан 0:3 есебімен жеңілсе, 11 маусымда елордада Сан-Мариноны 4:0 есебімен тізе бүктірді. Ал Ресей де сырт алаңда Шотландияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сондықтан олар бүгін сол жеңісті еселей түсуді қалайтыны анық. Қазақстан құрамасы да жанкүйер қауымды желпінтерлік шеберлігін көрсетуге тырысады.

Ресей құрамасы қайбір жылдары өз ойын өрнегін көрсете алмай құлдырап кеткені белгілі. Нәтижесінде FIFA рейтингінде 50-орынға дейін түсіп кетті. Жергілікті маман Станислав Черчесов құрама тізгінін ұстағаннан бері орыс футболшылары тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Былтыр өз жерінде өткен әлем біріншілігінде топтық кезеңнен сүрінбей өтті. Ширек финалға дейін жетті. Биыл жалауын көтерген Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде де бес ойынның төртеуінде басым түсті. Сондықтан жарыстың финалдық сатысына жолдама алуға жақын тұр деп айтуға негіз бар.

Ресей бапкерлері мен мамандары бүгінгі кездесуде алаң иелері жеңіске жетеді деген ойын білдіріп қойды. Әрине, оны жасыл алаң төрінде өткен ойын барысы көрсететін болады. Қос құрама бұған дейін екі мәрте жолдастық және бір мәрте ресми кездесу өткізді. Алғашқы ойын 2008 жылдың 23 мамырында болды. Бұл жолы Ресей сапынан Павел Погребняк, Владимир Быстров, Константин Зырянов, Динияр Билялетдинов, Дмитрий Торбинский және Дмитрий Сычев гол соқты. Қазір аталмыш құрамадан Юрий Жирков қана бар. Келесі кездесу 2015 жылдың 31 мамырында ойналды. Ресей астанасы - Мәскеу қаласында болған кездесуде есеп ашылған жоқ. Биылғы 24 наурызда Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде екі құрама Нұр-Сұлтан қаласында кездесу өткізді. Бұл ойында Ресей құрамасы 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі үш кездесуде қазақстандық футболшылар қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқ. Бүгін сол олқылықтың орнын толтыра аламыз ба? Оны ойын барысы көрсетеді.

Кездесу елорда уақытымен 00.45-те басталады. Ойын Ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін I тобында Шотландия мен Бельгия, Сан-Марино мен Кипр құрамалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар