Еуро-2020: Қазақстан құрамасы рекорд жаңартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің I тобының төртінші тур ойынындағы Қазақстан мен Сан-Марино құрамалары арасындағы кездесу мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Михал Билек бүгінгі кездесуде өткен ойыннан бірқатар өзгерістер енгізді.

Ол Дмитрий Непогодов, Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Абат Айымбетов, Бауыржан Тұрысбек секілді ойыншыларға алғашқы минуттан сенім білдірді. Чех маманы бүгін Ғафуржан Сүйімбаев, Дмитрий Шомко, Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Абат Айымбетов және Бауыржан Тұрысбек ойынға алғашқы минуттан қосылатын болады. Өткен ойында Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген және Абат Айымбетов екінші кезеңде ойыншыларды алмастырған болатын.

Ал Сан-Марино құрамасының бас бапкері Франко Варрелла алғашқы минуттан Элиа Бенедеттини, Давиде Чезарини, Фабио Витайоли, Кристиан Бролли, Андреа Грандони, Лоренцо Лунадеи, Лука Ченсони, Марчелло Муларони, Мануэль Баттистини, Никола Нанни, Маттео Витайоли сынды шәкірттеріне үміт артты.

Сан-Марино футбол федерациясы 1931 жылы құрылған. Дегенмен, FIFA және UEFA құрамына 1988 жылы қабылданды. Олар - әлемдегі ең әлсіз құраманың бірі. FIFA-ның соңғы рейтингінде 211 құраманың арасында ең соңғы орында тұр. Осының өзі олардың әлеуеті қандай екенін айқындай түседі.

Өткен турда Сан-Марино сырт алаңда Ресейден 0:9 есебімен жеңілсе, Қазақстан Бельгияға 0:3 есебімен жол берді.

Қос құрама да өткен турда кеткен есені осы жолы қайтаруға тырысты. Рас, Сан-Марино бұл жолы да жеңіске жетеді деген ешқандай жорамал жасалған жоқ. Олар Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде барлығы 69 ойын өткізді. Олар бір мәрте өз алаңында 2014 жылдың 15 қарашасында Эстониямен 0:0 есебімен тең түсіп, қалғанының барлығында жеңілді. Бұл турнирдегі ең ірі жеңілісінде 2006 жылдың 6 қыркүйегінде Германиядан 0:13 есебімен жол берген .

Бүгінгі кездесуде ойын тізгіні біздің құрамада болды. Алғашқы минуттарда Сан-Марино футболшылары қазақстандық футболшыларды мазалап көрген еді. Дегенмен олар діттеген мақсатына жете алған жоқ. Бұдан кейін біздің жігіттер шабуыл шебін күшейте түсті. Алайда оған қонақтар тегеурінді қарсылық көрсетті. Алғашқы гол 45-минутта соғылды. Сол қанаттан Ғафржан Сүйімбаевтың берген пасын Исламбек Қуат шебер пайдаланды.

Екінші кезеңде де Сан-Марино негізінен қорғаныс шебінде жүрді. Ал 62-минутта Максим Федин есепті үстемелей түсті. Ел біріншілігінде Қостанайдың «Тобыл» командасы ойнайтын ол төрт минут бұрын қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетовті алмастырған болатын. Одан кейін 66-минутта Ғафржан Сүйімбаев тағы бір гол соқты. Есеп 3:0. Қазақстан жеңіске жетуге жақындай түсті. Қорытынды есепті 79-минутта біздің құраманың капитаны Бауыржан Исламхан белгіледі. Қазақстан құрамасы аталмыш қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан құрамасы осылайша ірі есеппен жеңді.

Өз тарихында біздің құрама рекорд жаңартып отыр. Бұдан бұрын қазақстандық команда биыл 21 наурызда Шотландия құрамасын 3:0 есебімен тас-талқан еткен еді. Ал әлем біріншілігі іріктеу кезеңіндегі ең ірі жеңісі 1997 жылдың 11 маусымында тіркелді. Сол кезде Азия құрлығында доп тебетін Қазақстан құрамасы Пәкістанды 7:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Бүгін I тобында тағы екі кездесу өткізіледі. Өз алаңында Бельгия Шотландияны, Ресей Кипрді қабылдайды.

Біздің құрама енді 6 қыркүйекте сырт алаңда Кипрмен кездеседі. Ал 9 қыркүйекте сырт алаңда Ресеймен шеберлік байқасады.

null null null



Фото: kff.kz

Соңғы жаңалықтар