ЕУРО-2020-ға іріктеу: Қазақстан-Бельгия матчы тікелей эфирден көрсетіледі

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - 9 маусым күні Нұр-Сұлтан уақытымен 00:45-те Брюссельде футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Бельгия мен Қазақстан құрамалары кездеседі. «ҚазАқпарат» ХАА-ның Брюссельдегі меншікті тілшісі командалардың жай-күйі, бапкерлердің пікірлері, олардың ойынға құрған жоспарлары туралы баяндайды.

50 мың жанкүйерге арналған Король Бодуэн стадионында деңгейлері кереғар екі команда кездеседі. Бельгия құрамасы өз тобындағы алғашқы екі ойында жеңіске жетіп, үшінші ойынға топтың көшбасшысы ретінде дайындалып жатыр. Дегенмен, «сойқандардың» бапкері Роберто Мартинес қарсыласқа менсінбей қарауға болмайтынын айтады.

«Екі ойын өткіздік, бұл - алты ұпай. Спортшылардың барлығы да Брюссельдегі фанаттардың көз алдында болатын ойынның қаншалықты маңызды екенін білед», - дейді Мартинес жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қазақстанның бас бапкері Михал Билек «Б» жоспарымен жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені Бельгияға аттанған ұлттық құрама сапында басты ойыншылардың бірнешеуі жоқ.

«Біз ойынға дайындала бастағанда нақты жоспарымыз болды. Бірақ Қазақстан Премьер-лигасындағы соңғы турдан кейін жігіттердің кейбірі жарақат алды. Енді бірі сырқаттанып қалды. Бірақ біздің басқа жоспарымыз да бар, жігіттер оған дайын», - деді Билек.

Жарақатына байланысты қорғаушылар - Юрий Логвиненко мен Дмитрий Шомко, «Тобылдың» шабуылдаушы жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев командасына көмектесе алмайды. Голландияның «Хераклес» командасында доп теуіп жүрген жартылай қорғаушы Александр Меркель суық тиіп, ойынды өткізіп алатын болды. Оның үстіне, «Ростовтың» жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов те жаттығу жасап жүріп жарақат алған.

Михал Билек жігіттерді қазірдің өзінен аса қиын ойынға дайындап жатыр. Ал Роберто Мартинес шәкірттері алғашқы минуттарда-ақ ойын тағдырын шешіп, қалған уақытты тек бақылаумен өткізбек болып отыр. Топтағы бұған дейінгі екі ойында бельгиялықтар осыны істеді де.

«Біз кімге қарсы ойнау үшін келгенімізді жақсы білеміз. Бельгия нағыз қазіргі заманның футболын ойнайды, ФИФА рейтингінде де көш бастап тұр. Біз жақсы ойын өткізіп, үздік нәтижеге жетуге тырысамыз», - дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері.

Оның айтуынша, бельгиялықтарды жеңу үшін Қазақстан Шотландияға қарсы матчтағы ойын өрнегін көрсетуі тиіс.

Біздің команда сырт алаңдағы осы ойынға барынша дайындалды. Бұған дейінгі жаттығуларының барлығын «Астана Аренаның» жасанды алаңында өткізген құрама табиғи көгалға бейімделу үшін Талғардағы базада дайындық жұмыстарын өткізді.

Қазақстан құрамасы өз алдына 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарынан да көбірек ұпай жинау мақсатын қойып отыр. Сол кезде Қазақстан 14 ойында 10 ұпай жинаған болатын.

Қазақстан бас бапкері бельгиялықтар қорғанысының әлсіз жері туралы ештеңе айтқан жоқ. Бірақ Роберто Мартинес өз командасының осал тұсын өзі-ақ айтып берді.

«Біз өз алаңымызда ойнаймыз. Сондықтан, ойын қарқынын басқарып отыруымыз қажет. Егер ойын жылдам жүрмесе, бұл Қазақстанға мүмкіндік береді», - дейді Мартинес.

Әрине, бельгиялықтар Қазақстан командасына қарағанда әлдеқайда мықты. Дегенмен кейде футболда деңгей емес, тәртіп ойын тағдырын белгілеп береді, мұны да ұмытпаған дұрыс.

Матч Король Бодуэн атындағы стадионда өтеді. Оны тікелей эфирден «QazSport» телеарнасы көрсетеді.


Автор: Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар