Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы Беларусьта өтеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы Беларусьта өтеді. Бұл туралы Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Беларусь тарапының бастамасымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы осы жылдың 21-22 маусым күндері Брест қаласында өтеді. Бүгінгі отырысқа қатысушыларға өнімді әрі сындарлы жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Ақылбек Жапаров елордада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысын қорытындылай келе.

Айта кетейік, кеңестің бүгінгі кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеделдетілген контейнерлік теміржолдық тасымалдауды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жоба, ЕАЭО кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың бақылау тетігі туралы келісімін іске асыру жайында мәселелер және басқа да тақырыптар қаралды. Отырыс қорытындысында 11 құжат қабылданды.


Соңғы жаңалықтар