Еуразиялық одақ түрлі дағдарыстық жағдайлармен соқтығуы мүмкін - Н. Назарбаев

None
None
МӘСКЕУ-АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық одақ түрлі дағдарыстық жағдайлармен соқтығуы мүмкін. Бүгін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«ХХІ ғасырда біз тарих пен уақыттың қусырылған феноменінің куәсі болып отырмыз. Бұл жаһанданған әлемнің алдында тұрған қатерлердің бірі. Еуразиялық интеграцияның іс жүзіндегі көптеген мәселелерін бізге ең шекті әрі шектелген мерзім аралығында шешуге тура келіп отыр», - дей келе Елбасы Н. Назарбаев осыған қатысты бірқатар мысалдар келтірді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Еуропаға интеграция үдерісі үшін кеден одағын құруға 11 жыл кеткенін, ал ортақ нарықты қалыптастыру үшін 34 жыл кеткенін, экономикалық бивалюталық одақ құру үшін 40 жыл керек болғанын алға тартты. Ал Еуразиялық интеграция үшін ондай уақыттың шексіз «байлығы» жоқ. Мысалы, Кеден одағы туралы шешім 2010 жылы қабылданып, 2011 жылдың жазында ол бірден жұмыс істей бастады.

«Бізге ХХІ ғасырдағы ауқымды технологиялық өзгерістер мен қатерлердің салдары ретіндегі жаһандық экономикалық цейтнот жағдайында жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Еуразиялық одақ түрлі дағдарыстық жағдайлармен соқтығуы мүмкін. Біз оны білеміз, түсінеміз. Еуропа одағындағы секілді дағдарыстар біздің экономикамызда да туындауы мүмкін. Соның ішінде біздің идеямыздың сәтсіздігін тілейтіндер де аз емес. Соңғы жылдары әлемдегі экономикалық конъюнктура қатты нашарлап кеткен тұста біздің интеграциялық үдерістеріміз де баяулады. Сол тұста «бәрі құлады, құрып жатыр» деуге әзір тұрғандар да көп болды. Шындығында, бұл тіпті де олай емес. Әлбетте, мұндай бұлталаңдар болып тұрады. Дегенмен, біздің идеямыз түптің түбінде жеңіп шығады және біздің баршамызға табыс әкеледі. Сондықтан да, біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою барысында осындай мәселені де қаперде ұстауымыз керек», - деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар