Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың тынысын кеңейтетініне сенім мол - Т.Бопин

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақтың отандық кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың тынысын кеңейтетініне сенім мол. Бұл туралы «Астана Агро Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Түсіпбек Бопин мәлім етті.

Оның пікірінше, Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне қол қоюы - бұл тарихи маңызы зор оқиға. Өйткені, бұл елдермен Қазақстан кеңестер заманында тығыз саяси-экономикалық қарым-қатынаста болды. Бүгінгі таңда Ресей экономиканың барлық саласында озық болса, Беларусь мал шаруашылығын дамытып отыр. Олар осы саланың біздің елде де дамуына ықпал етеді деген сенім бар. Осыған дейін біз малды ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарынан сатып алатын едік. Енді шикізатты одақ елдерінен де сатып алуға мүмкіндік туды.

Елбасы өз сөзінде одақтың елімізге пайдасы бар екенін, біз үшін ол экономикалық жағынан тиімді болғаннан кейін оған барып отырғанымызды атап өтті.

Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агро Продукт» серіктестігінің «Бакара» ет комбинаты 2010 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келеді. Былтырдың өзінде Мәскеу қаласына 16 тонна ет өнімдерін жөнелткен. Комбинат биыл Ресейге 200 тонна ет экспорттауды көздеп отыр. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш бір мың тоннаға жеткізілмекші.

«Өткен жылы біз 1755,1 тонна ет өнімдерін өңдеп, оны Астана қаласының «Рамстор», «Астықжан», «Әлем», «Еуразия», «Метро» сияқты ірі сауда орындарында саттық. Сондай-ақ Алматы, Қарағанды және басқа да үлкен қалаларға саудаға шығардық. Алдағы уақытта өнімдерімізді Ресей мен Беларусь елдерінде тұрақты сатуды көздеп отырмыз. Комбинат ауысымына 10 тоннаға дейін мал сойып, ет өнімдерін өңдейді.

Бізге Мәскеу қаласындағы бір мейрамхананың бас аспазшысы келіп, қойдың мүшеленген еті, қабырғалары, сан мен қол еттеріне тапсырыс беріп кетті. Осындай тапсырыс бойынша әр ай сайын 15-20 тонна өнім дайындаймыз. Олар арнайы автокөлікпен тасымалданады. Комбинатта пісірілген жоғары сұрыпты шұжық пен сиыр еті «Бакара» сауда маркасымен тұтынушыларға ұсынылады. Оның арасында пісіріліп, ысталған қазы, шұжық, жая және кесек еттерден жасалатын өнімдер бар. Астана қаласындағы ірі сауда орындарының тапсырысы тез арада орындалады.

Кәсіпорында жүзге жуық адам жұмыс істейді. Сойылатын малдың 90 пайызы ірі қара мал, қалғаны жылқы мен қой. Біз сауда орындарының тапсырысы бойынша жұмыс істейміз. Алдағы уақытта мұндай тапсырыс одақтас елдерден түседі деген сенімдеміз. Еуразиялық экономикалық одақ осыған зор мүмкіндік беріп отыр», - деп қорытты сөзін Т.Бопин.

Соңғы жаңалықтар