Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тілдік қағидаттар кемсітушілікке ұшырамайды - ҚР Президенті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тілдік қағидаттар кемсітушілікке ұшырамайды.

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. «Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы барлық халықаралық келісімдер, комиссияның міндетті сипаттағы күші бар барлық шешімдері орыс тілінде қабылданады. Біз осылай келістік. Дегенмен, ондай құжаттар бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан да тілдік принциптер бойынша да ешқандай кемсітушіліктер орын алмайды», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушы-мемлекеттер халқының өмір сапасын арттыруға, жұртшылықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртудың қуатты ынталандыру тетігіне айналатынына, елімізді әлемнің жетекші мемлекеттер қатарына көтерілуіне септігін тигізетініне сенімдімін», - деді Елбасы.

Еске сала кетейік, отырыстың шағын құрамдағы кездесуіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қатысуда.

Соңғы жаңалықтар