Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуын тарихи оқиға деп бағалаймын - Ж.Ерғалиев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев Көкшетаудағы «Қазақстан» телерадиокорпарациясы Ақмола облыстық филиалының телеарнасында өткен «Өзекті мәселе» хабарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуын тарихи оқиға деп бағалады.

Сенатор өз сөзінде: Еліміз өз тәуелсіздігінің тағы бір биігіне көтерілді! Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды.

Әлемнің даму тамыры мазасыздана соғып тұрған бүгінгі алмағайып заманда бірігу, бірлесу, ынтымақтасу және де татулықта болудың маңыздылығы бәрінен де жоғары тұрары бар. Ал, бұл мәселенің біздің еліміз үшін тарихи мәнін де жоққа шығара алмас едік. Өйткені кешегі кеңестік жүйені былай қойып, бірнеше ғасырлар бойы «тамырласып» өмір сүрген Ресейден іргені біз қашан болсын аулақ сала алмасымыз анық. Ортақ шекара, ортақ мүдде бар! Осы Еуразиялық экономикалық одақтан еліміздің тәуелсіздігіне төнер қатер бар деген пікірлерді жөнсіз деп санаймын", деді.

""Біз жиырма жыл бойы экономикалық интеграция бағытында ілгеріледік. Осы уақытқа дейін орасан жұмыс атқарылды. Енді сол жұмысымыздың бекер болмағанын, қол қойылған шарттың халық игілігіне арналғанын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Еліміз ұзақ мерзімді болашаққа жоспарланған бұл Одақтан пайда көреді. Біз шартқа экономикалық тұрғыдан тиімді болғандықтан қол қоюға ұмтылып отырмыз. Атап айтсақ, біздің еліміздің теңізге шығатын жолы жоқ екенін ескеру керек, мұны және көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті көршілеріміз қамтамасыз ететін болады",- деп атап көрсеткен Елбасы іргеміздегі көршілерімізбен тығыз да іскер экономикалық байланыс жасау Қазақстанның дамуына оң әсерін тигізетіндігін де айтумен келеді.

Біз Еуразиялық экономикалық одақтан орасан пайда көреріміз анық жай. Біз өз қолымызбен шығарып жатқан тауарларымызды Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің нарықтарына шығарып, бәсекелестікке түсетін боламыз.

Мына бір мәселенің басы ашық екендігін айту да ләзім. Біз дүниенің ендігі даму үрдісінде өзімізбен өзіміз оқшауланып, еліміздің есік-терезесін қымтап, ешкімді ішке кіргізбейміз, сыртқа да ешкімді де ешнәрсені де шығармаймыз, өз қазанымызға өзіміз ғана қайнап өмір сүреміз деп отыра алмасымыз анық. Мұны түсіне білуге тиістіміз.

Бұл біз үшін өте қауіпті болмақшы. Бұлай жасасақ біз ел дамуын өз қолымызбен тежеп, бөгегеніміз болар еді, өзімізді өзіміз кейінге ысырып, өзгелердің шаңын қауып қалуға мәжбүрлегенмен бірдей болмақшы. Ойы да, өресі де биіктеп келе жатқан ұрпақтарымызға қиянат жасаған болар едік.

Кешегі Кеңес Одағы кезінде шекарасының беріктігі соншалықты, тіпті тыщқан да жорғалап өте алмайды дейтіндей кезеңде әлемнің өзге елдерінде не болып жатқандығынан бейхабар болып отырған жоқ па едік? Тіпті әлдебір шет мемлекеттен сатып әкелінген талай бір техникалық жабдықтарды іске қоса алмай, сол қымбат дүниелер шаруашылықтардың машина аулаларында шашылып жатқандығын да көріп едік қой. Осыдан келіп Кеңес Одағы артта қалып,ақыры құрдымға кеткен жоқ па еді? Соны біле отырып, енді бүгінгі күні интеграциядан бас тартар болсақ, бұл ел тәуелсіздігінің бүгіні мен болашағы жолындағы тарих кешірмес қателігіміз болар еді.

Тәуелсіз сарапшылардың сараптамасынан өтіп, әбден піскен Еуразиялық экономикалық одақтың шартында оны саясиландыруға жол берілмейтіндігі және де ұлттық өкілеттілік пен мемлекеттік егемендік мәселелері ешқашан, ешқандай да бір талқылауға жатпайтындығы туралы тұғыдрлы ұстанымы бар бұл Еуразиялық экономикалық одақ кешегі Кеңестік Одақ емес. Біз қазір шекарасы айқындалған, Көкбайрағымыз желбіреген, әлемде өз орны мен өз үні бар,мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшысы бар тәуелсіз Қазақстанбыз!", деп сөзін қорытындылады Ж.Ерғалиев.

Соңғы жаңалықтар