Еуразиялық экономикалық одақ қатысушы мемлекеттердің жаһандық бәсекедегі ұстанымын нығайта түседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылады деп жоспарлануда. Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осыған орай, Еуразиялық интеграцияның тарихи кезеңіне қатысты бірқатар мәселелерге назар аударсақ.

Еуразиялық экономикалық одақ теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм және ортақ тиімділік қағидаттары негізінде құрылады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған. Оның аясында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізу көзделеді. Сарапшылар болашақтағы интеграциялық тиімділік шеңберінде 2030 жылға қарай Ішкі жалпы өнімнің жиынтық өсімін 900 млрд. доллар көлемінде бағалап отыр. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қою қажетті құқықтық базаны қалыптастыруға бағытталады. Шарт құрылтайшылардан (институционалды) және салалық (функционалды) бөлімдерден тұратын бірегей құжат болып табылады. Оны даярлау барысында барлық тараптардың ұстанымдары келісіліп, сарапшылар қауымдастығының, іскерлер ортасының пікірлері барынша ескерілген.

Еуразиялық экономикалық одақтың базалық негіздері

Еуразиялық экономикалық одақтың басты мақсаты - бірыңғай рынок қалыптастыру, тауарлар, қызметтер, инвестиция мен жұмыс күші үшін кедергілерді жою, кәсіпкерлікті барынша тиімді жүзеге асыруға бағытталған келісілген экономикалық саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттердің егемендік теңдігі, территориялық тұтастық, сонымен бірге, Одаққа қатысушы-мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттарына негізделеді. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық интеграция теңқұқылық, мақсатқа сәйкестілік, кезеңділік, прагматизм мен өзара тиімділік қағидаттары негізінде дамиды. Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақ - саяси бірлестік емес. Ол өз алдына саяси міндеттерді қоймайды және саяси егемендікті шектемейді. Сондықтан да одақ туралы шарт тек қана экономикалық ынтымақтастық мәселелерін қамтып отыр.

Одақ аясында шешімдер қабылдау консенсусқа негізделеді

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта барлық деңгейдегі стратегиялық мәнге ие шешімдер қабылдау барысында консенсустың нақты тетіктері қамтамасыз етіліп отыр. Бұның өзі басқа да шаралармен қатар, қатысушы мемлекеттер арасындағы қандай да бір елдің басымдыққа ие болу мүмкіндігін түгелдей жоққа шығарады. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекетүсті органдары «бір ел - бір дауыс» қағидатымен жұмыс істейтін болады. Еуразиялық экономикалық комиссияның жоғары органдары - Кеңес пен Алқадағы - басшылық етуші позициялары барлық қатысушы-мемлекеттердің теңдей өкілдер санымен тағайындалады.

Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Одақтың басқа мемлекеттермен, түрлі интеграциялық бірлестіктерімен қатынасына келсек, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады. Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.

Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер мен интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жатқанын алға тартады. Сондықтан да, Еуразиялық интеграциялық үдерістер тек қатысушы мемлекеттермен арада ғана емес, әлемнің басқа да барлық елдерімен ынтымақтастықты тереңдету бағытында жаңа мүмкіндіктер ашатыны күтіледі.

Еуразиялық экономикалық интеграцияның басымдықтары

Интеграцияның жаңа кезеңіне - Еуразиялық экономикалық одаққа өту еліміздің сұранысын тез арада емес, керісінше ұзақмерзімді іргелі бағытта қамтамасыз етуді көздейді. Атап айтқанда, еуразиялық интеграция қатысушы-мемлекеттердің орнықты экономикасын нығайтуға, олардың нарықтық әлеуетін арттыруға бағытталады. Әлбетте, бірлестік ел кәсіпкерлері үшін барлық проблемаларды бірден жойып тастай алмайтыны айқын, алайда, одақ аясында кәсіпкерлікті дамсытудың жаңа деңгейі үшін жағдайлар құрылады, іскерлік айналымның барлық циклдары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылатын болады.

Бұл ретте капиталдың, тауарлар мен қызметтердің, жұмыс күшінің еркін айналымы Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы бизнесті жүргізуді барынша оңайлатады. Ішкі шекараларда кедендік, фитосанитарлық, ветеринарлық және басқа да бақылаулардың жойылуы бизнес айналымын шапшаңдатып, кедергілерді керте түседі. Мұның аясында көліктік инфрақұрылымдарға теңдей қолжетімділік үлкен маңызға ие. Интеграциялық бірлестіктің тұтастай аумағында көліктік инфрақұрылымды бірыңғай пайдалану шарттары да осыны дәлелдей түспек. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін көліктік шығындарды төмендетуге, оның ішінде Ресей арқылы арзан тасымалдардың қолжетімділігіне жағдай жасайды. Шикізаттар, материалдар мен қондырғылар жеткізуге қолжетімділік оңайлатылады.

Тұтастай алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ оған қатысушы үш ел экономикаларының сапалық параметрлерін арттыруға мүмкіндік туғызып қана қоймай, мемлекеттердің жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне айтарлықтай рөл атқарады. Бүгінгі әлемде экономикалық интеграциялық бірлестіктердің жұмысы жаңа дәуірге қадам басып қана қоймай, олар барынша белсенді болып, ықпалдастықтың қажеттілігі күн санап артып отырғаны айқын. Ендеше, бүгін құрылатын Еуразиялық экономикалық одақты оған қатысушы-мемлекеттердің жаһандық бәсекелестіктегі ұстанымдарын нығайтуға арналған бірлестік деуге келеді.

Отырыс барысындағы келіссөздерде Еуразиялық интеграциялық үдеріс аясын кеңейту мәселесі де қаралады.

Атап айтқанда, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттың дайындалу барысын талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Кеден одағына қосылуы жөніндегі жол картасы қаралады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Мемлекет басшыларының қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі бірқатар өзекті тақырыптар талқыланатын болады.

Тоқтала кететін жайт, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ашық мегажоба. Армения мен Қырғызстаннан бөлек, басқа да мемлекеттер, интеграциялық ұйымдар тарапынан Еуразиялық одақпен өзара әрекеттестікке қызығушылықтар білдіріліп, ол жоғары перспективалы және нарықтық мүмкіндіктерге ие болатын ұйым ретінде қарастырылуда. Мәселен, сарапшылар бүгінгі таңда Вьетнам, Израиль, Үндістан мен Египет секілді бірқатар мемлекеттермен еркін сауда туралы келісім жасау жөніндегі мәселенің талқыланып жатқанын алға тартады.

Соңғы жаңалықтар