Еуразиялық экономикалық форумда не айтылды - шолу

Фото: None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бүгін Еуразиялық экономикалық форумы өтіп, жиынның пленарлық отырысына мемлекет басшылары онлайн- форматта қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке сапары аясында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен бірге осы форумда сөз сөйледі.

Форумда Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Беларусь Премьер-министрі Александр Головченко мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович ұсыныстарын жариялады.

«Көзбе-көз кездесу мүмкін болмаса да, заманауи технологиялар осындай ауқымды жиындарды онлайн тәртіпте өткізуге жол ашып отыр. Бізде өтіп жатқан форумға екі мыңнан астам адам қатысты. Атап айтқанда, жиынға ЕАЭО-ға мүше елдермен қатар, алыс шетелден де қонақтар келді», - деді С. Жапаров.

Сонымен қатар ол биыл Қырғызстан төрағалық ететін міндеттерге кіріскенін еске салды.

«Осы орайда биылғы маңызды міндеттерді жүзеге асыру бойынша басымдықтарды белгілеуге қатысты пікір білдірдім. Біздің басты мақсат ретінде басты қағидаттар сақталып отыр, яғни тауарлар қозғалысының, түрлі салада қызмет көрсетудің, капитал мен еңбек ресурстарының еркіндігі ескерілген. Екіншіден, 2025 жылға дейін даму стратегиясын уақытылы жүзеге асырылуы тиіс. Үшіншіден, агроөнеркәсіп пен өнеркәсіп салаларында бірлескен жұмыстар бар. Бұл тұрғыда импортты алмастыру мен ЕАЭО-ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты кооперациялық жобаларды іске қосу қамтылған», - деді Қырғызстан басшысы.

Сонымен қатар ол тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытында даму бағдарламасының алгоритмдері мен тетіктерін жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

С. Жапаров «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттары бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қадамына тоқтала келе, бұл мақсаттар әлемдік саясаттағы құбылмалықтың ушығуы жағдайында аса өзекті болып тұрғанын жеткізді.

«Осы жағдайда бізгесыртқы қолайсыз факторларға шұғыл әрі тиімді әрекет ету қажет болып тұр», - деді Қырғызстан Президенті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін ЕЭО кеңістігіндегі өзара сауда-саттықты арттырудың перспективаларына және Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын жетілдіруге арнады.

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық бірігу үдерісіне қатысушы мемлекеттер арасындағы еркін сауданы дамыту мақсатында тиісті жағдай жасау үшін құрылғанын айтты.

«Еуразиялық экономикалық одақ күрделі геосаяси жағдайда өзінің тиімділігін көрсетті. Біз мұны көріп отырмыз. Еуропалық одақтағы және басқа да экономикалық ұйымдардағы сияқты бұл Одақта түрлі мәселелер туындап отыратынына таң қалуға болмайды. Әрбір мемлекет ұлттық мүддесін өздігінше көздейді. Әрбір мемлекет туындаған мәселені өздері дұрыс деп санаған пікірі бойынша шешілгенін қалайды. Бұл әрбір халықаралық, әсіресе саудамен айналысатын ұйымдарға тән жағдай», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі жөнінде де айтты. Оның пікірінше, Комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.

«Бүгінге дейін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында өткізілген консультациялар нәтижесінде кедергілердің 80 пайызы жойылды. Бұл күрделі жұмыс жалғасын табады деп үміттенеміз. Интеграция – көп еңбек сіңіруді және мүше мемлекеттер арасында ымыраға келуді қажет ететін үдеріс. Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның нақты нәтижеге жай сөзбен емес, нақты іспен қол жеткізгенін қолдайды. Кез келген мәселені іскерлікпен шешкен жөн. Себебі халықтарымыз бұл мәселелердің ұзақ созылғанын күтпейді, қазір шешілгенін қалайды. Олар мәселені шешудің дұрыс жолы осы деп санайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан еуразиялық интеграцияның іскерлік әрі прагматикалық негізде дамығанын жақтайды.

Өз кезегінде форумның пленарлық отырысында Ресей Президенті Владимир Путин ЕАЭО-ның шетелдік серіктестерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамыту маңызды екенін айтты.

«Үлкен Еуразия серіктестігін дамытудың кешенді стратегиясын құрудың уақыты жетті. Онда негізгі халықаралық сын-қатерлер ескеріліп, сондай-ақ алдағы мақсаттарды айқындауы тиіс. Бұл міндеттерге жетудің тетіктері де қамтылған жөн», - деді В. Путин.

РФ Президенті сауда әрі инвестициялық шарттар жүйесін дамыту бойынша алдағы қадамдарды пысықтау керек екенін, бұл ретте ШЫҰ, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы мен БРИКС-ке мүше елдерді қамтудың маңыздылығын атап өтті.

«Үлкен Еуразия – ол шын мәнінде ауқымды әрі өркениетті жоба. Басты идеяда өңірлік ұйымдар үшін тең құқылы ынтымақтастықтың ортақ кеңістігін құру ескерілген. Үлкен Еуразия серіктестігі барша құрлықта тұрақтылық пен гүлденудің кепілгері болуға лайықты. Бұл өз кезегінде көбісінің қызығушылығын тудырады деп ойлаймын», - деді РФ Президенті.

Форум барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үлкен Еуразия» мега-жобасына қатысты пікір білдірді.

«Владимир Владимирович Путин (Ресей Федерациясының Президенті – авт.) өте қызық ұсынысты айтып, оны тиісті түрде тұжырымдап өтті. Бұл тұрғыда «Үлкен Еуразия» мега-жобасы ескеріліп отыр. Шын мәнінде, бұл жоба тыңғылықты зерттеу мен талқылауға лайық болып тұр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент алдағы уақытта бұл ұсынысты жүзеге асыруға қатысты талқылау болуы мүмкін екенін айтты.

Бұдан бөлек, Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында ақпараттық технологияларды бірлесе дамытуды ұсынды.

«Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – одаққа мүше мемлекеттердің IT-қоғамдастықтарының күш-жігерін шоғырландыру, бұл экономиканың жоғары технологиялық секторларын белсенді дамытуға және одақтың цифрлық міндеттерін толыққанды іске асыруға ықпал етеді. Технологиялар – экономикада серпіліс жасаудың бір мүмкіндігі. Дәл осы сала Армения үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұл порттарды, теңізге шығуды және бай жер қойнауын қажет етпей-ақ дамытуға болатын салалардың бірі. Бұл үшін адами капитал қажет, ал бұл ресурспен Армения әрдайым ерекшеленіп келеді», - деді Никол Пашинян.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды.

Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды.

Қазақстан Президентінің Қырғызстанға сапары барысында бірқатар құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар