«Еуразия» жүрдек темір жолы еуразиялық интеграцияның символына айналар еді - Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Еуразия» жүрдек темір жолының жобасы еуразиялық интеграцияның символына айналар еді. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың мамырында Сочиде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев инфрақұрылымдық мега жоба - «Еуразия» жүрдек темір жолының құрылысын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Бұл жоба еуразиялық интеграцияның символына айналып, елдеріміздің экономикасына қосымша серпін беріп, үлкен Еуразияны мығым байланыстыра түсер еді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің өзіне тиесілі бөлігін аяқтап, халықаралық көлік жүйесіне сәтті интеграцияланғанын айтты.

«Бұл жобаның Ресей аумағында жоспарланған жұмыстарының аяқталуы бүкіл дәліз бойында жүк тасымалын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттеріміз Шығыс-Батыс-Шығыс транзиті үшін барынша бәсекеге қабілетті әрі тартымды бола түседі», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті қазіргі уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ұлттық цифрлық күн тәртібін жүзеге асырып жатқанын айтты.

«Бұл - объективті қажеттілік. Интеграциялық бірлестік ретінде ЕАЭО-ның цифрлық күн тәрбін жүзеге асыруға кірісуіміз - қуантарлық жайт. Біздің цифрландыруға таңдап алған жолымыз шынайы сезілетіндей экономикалық тиімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Цифрлық күнтәртіп аясындағы бастамалардың бірлестікке мүше барлық мемлекеттердің мүдесін бірдей деңгейде ескеруі түбегейлі маңызды. Бұл бастамалар өзге елдер үшін де цифрлық кедергілерді туғызуына жол бермеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.

Соңғы жаңалықтар