Еуразия ұлттық университетінде жаңа жатақхана құрылысы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған жаңа жатақхана салына бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ANTIKOR орталығында айтып берді.

«Жатақхана мәселесі - Қазақстанда ғана емес, көптеген елдерде өзекті болып отыр. Студент саны артып келе жатыр, ал үлкен қаладағы университеттерге жер жетпейді. Үш жыл бұрын Тұңғыш Президент - Елбасы республика бойынша 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі үлкен жоба жасап, жатақханалар салына бастады. Әрине, бұл жерде мемлекеттік қаражаттың аз екенін, университеттерде ақшаның аз екенін айтуымыз керек. Осы тұрғыда біздің министрлік Қаржы орталығын ашып, инвесторларға жақсы жағдай жасап берді. Содан кейін инвесторлар келіп жатыр», - деді Ерлан Сыдықов.

Ректордың айтуынша, өткен аптада ЕҰУ студентері үшін 2,5-3 мың орындық жатақхана құрылысы басталды.

«Бұл - мемлекеттің де, университеттің де ақшасы емес, инвесторлар қаражатына салынады. Мұнда 5-6 жатақхана ғимараты бөлек қалашық болып тұрады. Қазақстанда алғаш рет инвесторлар көмегімен жатақхана мәселесін шешкелі отырмыз», - деді Е. Сыдықов.

Сонымен бірге, Е. Сыдықов жемқорлық қауіпті азайту үшін оқуға қабылданған 1 курс студенттерінің жатақханадан орын алу процесінің онлайн жүргізілетінін айтты.

«Студенттер жатақханадан орын алу өтінішін интернет арқылы жібереді. Жыл бойы жатақханада тұрған студенттің тәртіп бұзғаны анықталса, келесі жылға өтініші автоматты түрде қабылданбайды», - деді ЕҰУ ректоры.


Соңғы жаңалықтар