Еуразия ұлттық университетінде қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуразия ұлттық университетінде қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат оқу орынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шарада Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев Қырғызстан мен Қазақстан арасында білім беру саласында келісім бар екенін жеткізді.

«Орталықтың ашылуы біздің азаматтарымыздың, осында оқитын студенттер үшін сапалы білім алуға үлкен әлеуетке жол ашады», - деді дипломат.

Қырғыз тілі мен мәдениеті орталығы ЕҰУ-дың оқу-зертханалық ғимаратында ашылды. Онда екі елдің зиялы қауым өкілдерінің еңбектері назарға ұсынылған. Еуразия ұлттық университеті мен Ош мемлекеттік университеті бірлесе білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді, сонымен бірге орталықта тіл курстары өткізілмек.

«Бұл – біздің негізгі серіктесіміз Ош мемлекеттік университетімен ғылыми-академиялық ынтымақтастық аясындағы байланысты кеңейтудегі маңызды қадам. 2019 жылдан бастап ЕҰУ-да Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан 200-ден астам шетелдік білім алушылар әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша оқыды. Орталықтың ашылуы бауырлас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше үлес қосатынына сенімдіміз», - деді Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Өткен жылы Қырғызстанда ЕҰУ филиалы ашылған. Бүгінгі таңда онда 30-ға жуық қырғыз студенті білім алады. Олар қазақ тілі, аударма ісі мен әдебиет мамандығы бойынша оқиды.

«Біздің университеттер арасындағы ынтымақтастық Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуына әсер етеді. Өйткені, білім – мемлекеттер арасындағы көпір. Біз үшін ЕҰУ – Қазақстандағы үздік университет. Бүгінгі маңызды іс-шара ЕҰУ мен ОшМУ арасындағы достыққа серпін береді деп сенемін», - деп атап өтті ОшМУ ректоры Құдайберди Қожобеков.

Атап өткен жөн, ЕҰУ Қырғыз Республикасының 16 жоғары оқу орнымен академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру, оқытушылық тәжірибе алмасу шеңберінде ынтымақтастық орнатқан.


Соңғы жаңалықтар