Еуразия кинофестивалінің Қазақстан киноиндустриясы үшін маңызы зор - Ли Чан Дон

None
None
АЛМАТЫ. КазАкпарат - Бүгін Алматыда Х халықаралық Еуразия кинофестивалінің ашылуы өтеді. Салтанатты шара алдында дүбірлі додада қазылық ететін шетелдік қонақтар баспасөз конференциясын өткізді. Беделді қонақтар аталмыш мәдени оқиғаның мән-маңызын ерекше атап өтті.

«Еуразия кинофестивалінің Қазақстан киноиндустриясы үшін маңызы зор. Мен фестивальге келген барлық адамдар осыған тағы да көз жеткізуін тілеймін. Көптен бері Қазақстанға келуді көксеп жүр едім. Ойым жүзеге асып қуанып отырмын», - деді Оңтүстік Кореялық режиссер Ли Чан Дон. Қытайлық режиссер Цзя Чжанкэ де Қазақстанға алғаш рет келіп отырса да, қазақстандық кино өнерін жіті бақылап отыратындығын айтты. «Еуразия кинофестивалі Қытайда үлкен маңызға ие. Қытайлық кино мамандары жыл сайын фестивальді бақылап отырады. Фестивальдегі жаңалықтар біздің тарапымыздан үлкен қызығушылық тудырады», - деді Цзя Чжанкэ. Қытайдан келген сыншы қазақ киноларының ішінде Эмир Байғазиннің «Уроки гармонии» картинасын жоғары бағалайтынын жеткізді. «Қазақфильм» директоры Ермек Аманшаевтың айтуынша, биылғы жылы фестивальдің алдын ала іріктеуінде өтініштер саны рекордтық көрсеткішке жеткен, яғни, 30 елден 180-нен астам картина түскен. Қарауға 60 картина қатысса, негізгі байқауға дәстүрлі 12 картина таңдалды, соның ішінде «Дала дауысы» (Қазақстан) бар. Биылғы жылғы кинофестиваль қазақ режиссері Шәкен Аймановтың 100 жылдығына арнап өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар