«Еуразия» кинофестивалі аясында кино туралы заңның жаңа жобасы талқыланады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ХI халықаралық «Еуразия» және І халықаралық «Шәкен шоқжұлдызы» кинофестивалі өтіп жатыр. Мәдени шараның ашылуы қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрі мен қала әкімдігі баспасөз конференциясын өткізді. Министрліктің өнер мен мәдениет департаменті директоры Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, биылғы фестиваль ағартушылық, мәдениет, шығармашылық тұрғысынан маңызды бірқатар мәселелердің түйінін шешпек.

«Кинофестиваль аясында өзара сұхбат, шеберлік кластары өткізіледі. Атап айтқанда, сарапшылар тарапынан кино туралы заң жобасы талқыланады. Кинематографистер бұл мәселені бұған дейін бірнеше рет көтерді. Біздегі «Мәдениет туралы» заң жобасында кино бөлімі бар. Бірақ, киноиндустрияның қарыштап дамуына байланысты «кино туралы» жеке заң жобасын қабылдау қажеттігі туды. Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясының департаменті жанынан жұмыс тобы құрылды. Олар алғашқы жобамен танысып, өз тараптарынан бірқатар өзгерістер енгізді», - деді А.Райымқұлова.

Айта кетейік, «Еуразия» кинофестивалі биыл «Ұлы Жібек жолы: Батыс пен шығыс мәдениетінің байланысы» ұранымен өтіп жатыр.

«Еуразия» ХКФ биыл балалар мен жасөспірімдер жанрындағы, деректі фильмдерді, қысқаметражды фильмдерді ұсынса, «Шәкен шоқжұлдызы» Орталық Азия аймағындағы конкурстық бағдарламаны ұсынады.

Биыл тұңғыш рет фильмдерді тамашалауға келген көрермендердің саны есептелетін болады.

Марапаттар «Ең үздік ойнақы фильм», «Ең үздік режиссерлік жұмыс», «Ең үздік ер адам рөлі», «Ең үздік әйел рөлі», «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» аталымында беріледі.

Кинофестивальді Ақан Сатаевтың канадалықтармен бірігіп түсірген «Хакер» картинасы ашады.

Соңғы жаңалықтар