«Еуразия» халықаралық кинофестивалі: 30 елден 30-дан астам фильм көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада санаулы сағаттардан соң «Еуразия» XV Халықаралық кинофестивалі өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл фестиваль 15-ші жыл қатарынан өтеді, мерейтой десек те болады. Осы уақыт ішінде көптеген отандық және шетелдік фильмдердің тұсауы кесіліп, талай байқаулардан жүлдемен оралды. Кинофестивальдегі тағы бір өзгеріс, нақты нәтижеге жұмыс істеу. Жасыратыны жоқ, бұған дейін фестивальге шетелден көптеген кино мамандары мен әртістері келетін. Бүгінде біз оны қысқартып, сапаға жұмыс істеуге көштік. Қазіргі уақытта «Еуразия» кинофестивалінің халықаралық деңгейі өсіп келеді», - деді фестивальдің атқарушы директоры Қанат Төребай бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кинофестиваль бағдарламасында отандық фильмдерге көп көңіл бөлінген. Ондағы мақсат шетелден келетін қонақтар алдында төл туындыларды дәріптеу.

«Кинофестиваль бағдарламасында отандық фильмдерге арналған «Еуразия жүрегінде» атты арнайы бөлім бар. Онда өзімізде соңғы жылдары түсірілген 12 фильм көрсетіледі. Ал жалпы кинофестивальге 30 елден 30-дан астам туынды қатысады. Сондай-ақ, әділқазылар алқасы құрамында, шетелден арнайы шақыртылған кино саласының үздік мамандары бар. Және олар үш құрамда жұмыс істейтін болады. Яғни негізгі байқау, қысқа метражды фильмдер және анимациялық туындылар. Одан бөлек, бір топ америкалық кинокомпанияның басшылары мен продюсерлерін күтіп отырмыз. Оларға қазақстандық кино өнерінің бүгінгі әлеуетімен таныстыра отырып, біріккен жобаларды қолға алу мүмкіндігін қарастыратын боламыз», - деді ол.

Айта кетейік, аталған шараның ашылу салтанаты бүгін сағат 18:00-де елордадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді.

Бұған дейін Голливудтың танымал кинопродюсерлері Қазақстанға келетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Одан бөлек, кинофестиваль ұйымдастырушылары шараның құрметті қонағы ретінде танымал түрік актері Бурак Озчивиттің келетінін мәлім етті.

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері әйгілі «Форсаж» фильмінің эпизоды Қазақстанда түсірілуі мүмкін екендігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар