Этносаяси сала мәселелерін арнайы кафедра зерттеп келеді - Тұрар Шайхиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде этносаяси сала мәселелерін зерттеумен арнайы кафедра айналысып келеді. Бұл туралы аталмыш ЖОО-ның аға оқытушысы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Тұрар Шайхиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Ассамблеяның қоғамдағы орны айрықша болғандықтан, 2014 жылы университетте арнайы кафедра ашылған болатын.

Мұндағы мақсат - этносаяси саламен байланысты пәндерді оқытуды теориялық-әдістемелік қамтамасыз ету, осы бағыттағы зерттеулер мен жобаларды қолдау.

Қазіргі таңда кафедра университетте 2017 жылы ашылған «Рухани жаңғыру» институтының құрамында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі ойлары мен басым бағыттарын жүзеге асыруға белсене араласып келеді.

Ғалымның пайымдауынша, елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық тұтастықты сақтаудың маңызы зор. Осы тақырып аясында БҚО ішкі саясат басқармасының тапсырысымен екі жоба мәреге жетті. Мысалы, «Облыс тұрғындарының ұлттық бірегейлікке қатысты көңіл-күйлері» жобасына байланысты сұхбатқа қатысқан батысқазақстандықтардың басым көпшілігі бүгінгі ахуалға көңілі толатынын, ұлттық бірегейлікті қолдайтынын білдірді.

Университет ректоры Нұрлан Серғалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында БҚО ҚХА жанында құрылған ғылыми-сараптамалық топ пен облыс әкімдігі жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы болса, кафедрада жұмыс жасайтындардың дені - осы құрылымдардың мүшелері. Сондықтан кафедра аталмыш топ пен кеңестің жоспарлы жұмыстарына тұрақты қатысуда.

«Күні бүгінге дейін өңірлік жобалық кеңсе мен БҚО ҚХА хатшылығына облыс орталығы мен аудандардан түскен 142 шағын және кешенді жоба университет ғалымдарының сараптамасынан өтті. 50-ден астам жоба өз кезегімен қаралмақшы. Ғылыми зерттеу және сараптамалық-талдау жұмыстарына жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар да тартылуда. Алдағы уақытта да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы өз жұмыстарын тыңғылықты атқара беретін болады», - деді Тұрар Шайхиев.

Соңғы жаңалықтар