Ет пен көкөністің, нан мен ұнның қымбаттауына ешқандай негіз жоқ - Мақсат Халық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде әлемді жайлаған қымбатшылық, көрші елдердегі геосаяси жағдай мен доллар құнының өсуі ұлттық валютаның әлсіреуіне, елімізде де тауар бағасының бірнеше есе артуына себеп болып отыр. Осыдан екі ай бұрын теңге нығайған сияқты еді, кейін қайта әлсіреді. Бұл жағдайдың құбылмалы екенін көрсетеді. Жақын болашақта ұлттық валютамыздың жайы не болмақ? Әлемдегі қымбатшылық Қазақстанға қалай әсер етіп отыр? Үкімет елдегі бағаны реттеу үшін нақты қандай шараларды қолға алуы керек? Міне, бұл қазір әр қазақстандықтың көкейінде жүрген сауалдар десек, артық айтқандық емес. Осыған орай экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасқан едік.

- Мамыр айында ұлттық валютамыз - теңге нығая түсті, алайда маусымның қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 470,24 теңгеге дейін немесе 13,3%-ға әлсіреді. Шілде айында да бұл үрдіс жалғасып отыр. Мәселен, бүгін 1 доллар 481,49 теңгені құрады. Алда не болады? Теңге әлсірей бере ме?

- Иә, биыл сәуірден бастап теңгенің құны өсті. Менің есебімше, валютамызға Ұлттық қордан бөлінген аударымдар күш беріп отыр. Мәселен, бұған дейін бюджет тапшылығын қаржыландыруға 2,4 трлн теңге аудару керек болған. Биылғы сәуір айында қосымша қаражат бөлініп, Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге аударылды. Мұның бәрі елге доллар күйінде келеді, сол қаражатқа осы жерде теңге сатып алынды. Осылайша, теңгенің құны арта түсті.

Одан кейін алдыңғы уақыттарда көрші елдердегі геосаяси жағдай, рубль құнының артуы біздің теңгенің күшеюіне септігін тигізген болатын. Дегенмен қазір көріп отырғанымыздай, ұлттық валютамыз қайта әлсірей бастады. Оған әсер етіп отырған басты фактор ретінде Американың федералды резерв жүйесінің доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін көтере бастағанын айтуға болады. Маусым айында тіпті, 0,75 %-дық пунктке бір-ақ көтерді. Қазіргі таңда 1,75 % болып тұр. Алдағы уақытта мөлшерлеме тағы да көтерілетіні жөнінде айтылып жатыр. Енді 0,75-ке көтеретін болса, онда бұл сан 2,5-ке жетеді. Ал жыл соңына дейін әлі 4-5 мәрте көтереді деген болжам бар. Осылай жалғаса берсе, Американың доллары әлемде өзінің құнын арттыра бермек.

Сонымен қоса маусымдық факторды да атап өткен жөн. Жаз келгелі шетелге демалысқа баратын, саяхат жасайтын, не болмаса балаларын оқуға жіберетін азаматтар саны да көбейді. Сөйтіп долларға деген сұраныс арта түсті. Бұл жайт та теңгенің әлсіреуіне әсер етіп отырған факторлардың бірі деп айта аламыз.

- Қашан рубль қолжетімді болады, теңге нығайып, ал доллар бағамы төмендейді? Қазір көпшілікті осы сұрақтар қызықтырып отыр. Бірақ кей мамандар рубльдің де, доллардың құны артып, теңгенің әлсірей беретінін айтады. Осыған қатысты сіз не дейсіз?

- Қазіргі таңда біздің теңге рубльмен салыстырғанда әлсіреп қалды. Бұл Ресейге тауар сататын мемлекет не азаматтар үшін тиімді. Ал керісінше, Ресейден тауар сатып алушылар үшін бұл тиімсіз. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 24 млрд долларды құраған. Соның 6 млрд долларына біз Ресейге тауар өткізгенбіз. Ал 18 млрд долларға Ресейден тауар сатып алғанбыз. Осыдан-ақ, мұның кім үшін тиімді екенін көруге болады, яғни біз үш есеге ұтылып отырмыз. Бұл осылай жалғаса береді. Өйткені экономикалық жағынан Ресейге тәуелдіміз әрі тауарды қымбат бағаға сатып алып отырмыз. Бұл біздің азаматтардың төлем қабілетіне тағы да кері әсерін тигізеді. Осылайша, әлеуметтік жағдай бұдан әрі қиындайды деп айтуға негіз бар. Сондықтан да теңге мен рубль паритеті бұрынғы 6 теңгенің маңында тұрғаны біз үшін тиімдірек болар еді.

- Сонымен сіздің пайымыңызша, ұлттық валютамыздың құны жақын арада артпайды. Ал жалпы жыл соңына дейінгі теңге бағамына қандай болжам жасауға болады?

- Жоғарыда атап өткенімдей, АҚШ федералды резерв жүйесі доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін арттыра беретін болады. Жыл соңына дейін 4-5 мәрте көтеретін болса, бұл әлемдік нарықтағы доллардың құнын артырады. Дамушы елдердің валютасы одан әрі құнсызданады. Себебі инвесторларға дамушы елдерге инвестиция салғаннан гөрі, сол қаражатты Американың қазыналы құнды қағаздарына салған тиімдірек. Өйткені оның пайызы ұлғайып жатыр. Салдарынан дамушы елдерде тапшылық пайда болып, сол көк қағаздың құнын арттырады. Міне, осы сценарий алдағы уақытта белгілі бір дәрежеде теңгемізге қысым жасайды деп айтуға негіз бар.

- Ұлттық валютамыздың құнсыздануы белгілі бір деңгейде тауар бағасына, халықтың күнкөріс жағдайына кері әсер етеді. Тіпті қазірдің өзінде Қазақстанды ғана емес, әлемді қымбатшылық жайлап кетті. Осы тұста, тауар бағасына қатысты не айтасыз?

- Иә, қымбатшылық - тек Қазқастанда ғана емес, әлемде болып жатқан үрдіс. Мәселен, Америкада инфляция 8,5% болды, Еуропада да бұрын-соңды болмаған инфляция орын алып жатыр. Азық-түліктің бағасы да шарықтап кетті. Біздегілер де сол әлемдегі қымбатшылықты сөз етіп, оның қалыпты жағдай екенін айтып отыр. Бірақ бұл қалыпты жағдай ретінде қабылданбауы керек. Тапшылық болса, әлемде тек азық-түлікке қатысты, яғни астық, бидайдың тапшылығы болып отыр. Оған Ресей мен Украина арасындағы жайт қатты әсер етіп жатыр. Соның салдарынан жалпы азық-түлік қымбаттау үстінде. Бірақ бұл бізге қатты әсер етпеуі тиіс. Өйткені бидай өзімізде жеткілікті. Сондықтан да нанның бағасы қатты шарықтамауы керек. Қазір неге қымбаттап отыр? Себебі біз бұған дейін Ресейдің арзан бидайын сатып алғанбыз. Біздің бидаймен салыстырғанда, ол - арзанырақ. Оның көп бөлігін соңғы жылдары қымбат бағаға Қытайға, Ауғанстанға, Иранға және Орталық Азия елдеріне сатып келдік. Ал қазіргі жағдайды білесіз. Осы себепті сәл қымбаттауы мүмкін, бірақ қатты шарықтап кетуі дұрыс емес. Жуырда Президенттің өзі қымбатшылықтың 80%-ға жеткенін атап өтті. Сондықтан әлемдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы салдарынан бізде де баға өсіп жатыр дегенге сенбеймін. Бұл мүмкін емес жағдай.

Ал шын мәнінде қандай дүниелер қымбаттауы мүмкін дегенге тоқталсақ, өзіміз өндірмейтін заттардың, яғни тұрмыстық техниканың, тұрмыстық химия заттарының қымбаттауы заңды. Өйткені бұған дейін біз тұрмыстық химия заттарын Ресейден алып келетін едік. Қазіргі таңда геосаяси жағдайға байланысты көптеген компания Ресейдегі зауыттары мен фабрикаларын жапты. Осы себепті ол жақтан тауар ала алмаймыз. Енді басқа жақтан сондай тауарларды жеткізген кезде жол шығындары артады. Сондықтан да мұндай тауарлардың қымбаттауы орынды. Ал елдегі еттің, көкөністердің, нанның, ұнның қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Сол себепті Үкімет қымбатшылықпен күрес бағытында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс.

- Сонда Үкімет нақты қандай іс-шараларды қолға алуы керек? Жуырда қымбатшылыққа қатысты Мемлекет басшысы бірқатар министрлік басшысына сын айтып, сөгіс жариялады. Сіздің ойыңызша, енді баға реттеле ме?

- Президент Үкіметке жақсы сын айтты. Оның сөзінше, біздің Үкімет қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп отыр. Расымен, солай. Мәселен, саудагерлермен күрес жүргізіп жатыр. «Тауар бағасын 15%-дан артық өсірмеңдер» дейді. Кейбір тауарлардың бағасын бекітіп тастады. Осындай қадамдар арқылы экономиканы қолмен реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұлай болмауы керек. Қазіргі жағдайда Үкімет бақылаушы функция жасауы тиіс.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы тұрақтандыру қорларына да қатысты мәселені жақсы көтерді. Шынын айту керек, тұрақтандыру қорлары пандемия тұсында жақсы қызмет істеді. Әр өңірде осындай қорлар құрылып, әкімдіктер супермаркет желілерімен келісімге отырды. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі айқындалды. Осылайша, супермаркеттер сол аталған тауарлардың бағасын өсірмеуге уәде берді. Олардың шығындарын тұрақтандыру қорлары жауып отырды. Бұл сол уақытта өз нәтижесін берді. Дегенмен қазір де сол қорлар арқылы әсер ету процесі жүріп жатыр. Ең қызығы, бүгінгі таңда осындай қорлардың көлемін 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Ал Президенттің айтуынша, олардың көлемі ұлғайғанымен, тиімділігін көрмей отырмыз. Менің ойымша, тұрақтандыру қорлары ұзақ мерзімде тиімділік бере алатын жоба емес, тек қысқа мерзімде ғана тиімді болуы мүмкін. Пандемия кезінде тиімді болды, оны мойындау қажет, енді олардың жұмысын жалғастырудың қажеті шамалы. Керісінше, оларды бірте-бірте жабуды қолға алу керек. Өйткені оның шығындары көбейіп келе жатыр, сонымен қоса түрлі схемалар пайда болып, ақшаны жымқырғысы келетін адамдардың барын да байқап отырмыз. Сондықтан да ұзақмерзімді перспективада жұмыс істейтін шаралар қолға алынуы керек. Мәселен, фермерлердің өздерін тікелей қолдау жұмыстарын жасау қажет. Қазір олар тұқымды өте қымбат бағаға сатып алып отырғаны жөнінде шағым айтып жатыр. Неге сол тұқымды арзан бағада әрі сапалы, қуаңшылыққа төтеп бере алатын түрін жеткізіп бермеске? Міне, осындай шаралар жасалса, шаруаларға нақты көмек көрсетілген болар еді.

Бұдан бөлек ӨКМ операторының қалған ақшасын шаруаларға беру жөнінде айтылып жүр. Негізі жақсы идея. Бірақ өткендегі 4%-дық автонесие секілді жырға айналып кетпеуі керек. Бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс. Осы тұста, арадағы делдалдардың да көп екенін айта кеткен жөн. Үкімет солармен күресу процесіне араласуы қажет. Сонымен қоса қолдан тапшылық жасайтындар, спекулянттар да аз емес. Міне, Үкімет осылармен жұмыс істеуі керек. Сол кезде тауардың бағасы өспейді.

Одан кейін форвардтық келісім деген бар. Мәселен, шаруамен тікелей келісімге келеді, яғни күзде белгілі бір бағада өнім сатып алуға шарт жасалады. Осылай шаруамен тікелей шарт жасалса, кейін сол бағада тұтынушыларға жеткізудің логистикалық тізбегін қамтамасыз ету керек болады. Мұндай жағдайда тауар бағасы тек жол шығындарын көтереді әрі халыққа арзан бағада жетеді.

Сонымен бірге спекулянттар мен қолдан тапшылық жасайтындарды жазалау керек. Олар жазаланбағандықтан, басқа адамдар да оның жаза алмағанын көріп, «демек бізге де жасауға болады» дегендей ойға қалады. Бұларды көрсетіп, жарияласа, басқалары да мұндай істен аулақ жүреді. Мысалы, өткен жылы дизельдің тапшылығы болды. Негізі болмауы керек еді, өйткені өндірілген өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бірдей болған. Алайда қолдан тапшылық жасалуы салдарынан, жетпей қалды. Міне, үкімет жанармайдың жайын қазірден бастап қолға алу керек, өйткені күз де жақындап қалды. Сонда шаруалар да қиын жағдайға тап болмайды. Қазіргі таңда ең өзекті мәселелер – осы. Егер мен жоғарыда атап өткен мәселелер шешімін тапса, азық-түлік бағасы да реттеледі.

- Қымбатшылық осылай жалғаса берсе, халықтың өмір сүруі қиындай бермей ме? Мәселен, былтыр азаматтар табысының 57%-ын азық-түлікке жұмсаған. Қазіргі қымбатшылыққа байланысты бұл көрсеткіш артпаса, кемімесі анық. Демек кедей халықтың саны артуы мүмкін ғой?

- Халықтың зейнетақысы мен арнаулы әлеуметтік төлемдеріне бірнеше рет индексация жасалғанымен, олар екі мың теңгеге не бес мың теңгеге ғана өседі. Ал біздегі бір тауардың бағасының өзі екі мыңнан бес мыңға өсіп жатыр. Сонда бұл азаматтар тек бір ғана тауармен шектелуі керек пе? Басқа тауарлар мен азық-түлік ше? Мұның бәрі еліміздегі кедейшілікті одан әрі тереңдетіп жатыр. Өткен жылы азық-түлік шығындары орта есеппен қарағанда 57%-ды құрады. Сонда әр отбасы табысының 57%-ын азық-түлікке жұмсайтын еді. Қазіргі таңда бұл 60%-дан асып кетті. Бұдан біз азаматтар табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсап отырғанын көреміз. Ал кей тұрғындар табысының бәрін азық-түлікке жұмсайды. Сонымен қоса азық-түліктің өзін қарызға алу көбейгенін айта кету керек. Мемлекет басшысының өзі азық-түлік үшін жұмсалатын несиенің көлемі 16%-ды құрағанын атап өтті. Демек азаматтарымыз өмір сүру үшін несие алады деген сөз. Бұл әлеуметтік жағдайдың әлі де шиеленісіп тұрғанын көрсетеді. Экономикада неміс ғалымы Эрнст Энгельдің заңы бар. Ол былай дейді: «Неғұрлым халықтың табысы артқан сайын, олардың азық-түлік шығындары азаяды. Ал неғұрлым табысы төмендеген сайын, соғұрлым азық-түлік шығындары көбейеді». Қазір халықтың табысы артып жатыр дейді, бірақ нақты статистикаға сүйенсек, 3%-ға азайып кеткен, яғни керісінше «минусқа» кеткен. Бұл бізде кедей халықтың саны артып келе жатыр дегенді білдіреді.

- Бүгінгі таңда көрші елдердегі геосаяси жағдайға байланысты баға да, жағдай да құбылып отырғанын көріп отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның қаржы жүйесі, үкіметі жаңа сынақтарға төтеп бере ала ма?

- Қазіргі кезде геосаяси фактор - Қазақстан экномикасына үлкен әсер етіп отырған фактордың бірі. Мысалы, Американың федералды резервтер жүйесі доллардың негізгі пайыздық мөлшерлемесін көтеріп жатыр дедік қой, бірақ ол дәл геосаяси жағдай секілді қатты әсер етпейді. Біз ЕАЭО-ның құрамындамыз, оның ішінде Ресей мен Беларусь бар. Қазір бұл екі ел санкцияның астында жатыр. Оларда болып жатқан жағдайдың барлығы бізге де әсерін тигізуде. Мәселен, Беларусь те дефолтқа ұшырап отыр. Әлемдік рейтинг агенттіктері бұл елдің қаржы жағдайының мүлдем нашар екенін айтып жатыр. Ресейге қатысты да техникалық дефолт мәселесі айтылды. Бұл екі мемлекеттің әлемдік кредиттік, инвестициялық рейтингтері түсіп кетті.

Жалпы ішкі өнімге бөлетін болсақ, бұл екі ел ЕАЭО-ның 90%-ын құрайды. Ресейге 85%, Беларуське - 5%, Қазақстанға - 7%-ы тиесілі. Қырғызстан мен Армения бірігіп 3%-ын құрайды. Енді Ресей мен Беларусь кері кетіп жатса, біз үшін де үлкен қауіп бар. Дегенмен мүмкіндіктерді де көре білуіміз керек. Мәселен, қазір Ресейден көптеген үлкен компаниялар кетті. Олар Ресейден кеткенімен, ЕАЭО нарығынан толықтай кеткісі жоқ. Сондықтан ол компанияларды елімізге шақырып, зауыт-фабрикаларды біздің елде салуды насихаттасақ болады. Бұл біздің инвестициялық мүмкіндіктерімізді арттырып, экономикамыздың өсу әлеуетін жақсартар еді.

Сонымен қоса қазір Ресей импорттық тауарларға зәру болып отыр. Сондықтан санкцияның астында қалған тауарларды ғана емес, басқа да тауарларды өзімізде шығарып, Ресейге тасымалдап, оның нарығын пайдаланатын болсақ, елімізге көп табыс әкеледі деп айтуға болады. Міне, осындай үлкен мүмкіндіктер де аз емес, дей тұрғанмен қауіп те жоқ емес. Мысалы, Каспий құбыр консорциумы төңірегінде соңғы кездері болған жағдайларды айтуға болады. Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың қашан аяқталатыны белгісіз, сондықтан да мұндай жайттар біздің экономикамыздың алдында белгілі бір сын-қатерлер тұрғанын көрсетеді. Сол себепті біздің Үкімет барынша ширақ қимылдауы керек. Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге алып алдық, сол арқылы халықты әйтіп-бүйтіп ұстап тұрамыз дейтін уақыт емес. Нақты шараларды қолға алып, ел үшін, халық үшін еңбек ететін кез келді деп айтар едім. Иә, халық Үкіметке әлі де сенімсіздікпен қарайды. Олар табысының артқанын, әлеуметтік жағдайының түзелгенін қалап отыр. Сол себепті де Үкімет тарапынан нақты істі көргісі келеді. Дегенмен халқымыз да үкіметке қарап отырмай, «елдігіміз үшін, мемлекетті өркендету жолында мен қандай үлес қоса алам» деп те ойлануы тиіс.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар