Эстония Қазақстанмен инновациялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Эстония Қазақстанмен инновациялық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Бұл туралы «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы кезінде Эстонияның Премьер-Министрі Юри Ратас мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан өзінің экономикалық моделін жаңғырту мен әртараптандыру тұрғысында батыл қадамдар жасады. Осы орайда,  шетелдік тікелей  инвестициялардың жаңа түрлері тартылды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында инвестицияларға, цифрландыруға басымдық қойылған. Біз де Эстонияда осы бағытқа ұмтылыс жасап отырмыз», - деп тоқталды Юри Ратас.

Сонымен қатар, ол жұмысы ресми іске қосылған «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Astana Hub» саланы дамытуға өз үлесін қосады деп үміттенемін. «Мектори» (Эстониядағы инновациялық орталық) үлгісіндегі Эстонияның тәжірибесі инновация мен кәсіпкерлік ынтымақтастығы үшін жақсы негіз болады деп сенеміз», - деді Ю. Ратас.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы өтті.

Салтанатты шара барасында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа ІТ-университет жұмыс істейтінін мәлім етті.

Айта кетейік, Astana Hub миссиясы - ел экономикасын нығайту үшін стартап-мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет. Жалпы Astana Hub 2022 жылға қарай стартап-резиденттерді инвестициялау көрсеткішін 67 млрд теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар