Естелігіміз ұрпақтың керегіне жарасын - Қажымқан Мәсімов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бірнеше күн бұрын дүние салған марқұм Қажымқан Мәсімовтің «Аманат» атты кітабы бар. Автобиографиялық сипатқа ие әдеби шығарма автордың өз отбасының өмірі мен замандастары жайлы баяндайды.

«Аманат» кітабында Қажымқан Мәсімов өз өмірі мен замандастары, өмірден алған тәлімі мен сабағы жайлы жазады. 2013 жылы екі тілде жарыққа шыққан туындыны сайттан жүктеп оқуға болады. «Аманатқа» арналған жеке Youtube арна да бар. Онда автор кітап туралы ой-пікірімен бөлісіп, архивтегі фотографиялар мен видеофрагменттерді көрсетеді.

Алдымен, автордың өзіне тоқталсақ. Қажымқан Қасымұлы Мәсімов 1939 жылдың 18 сәуірінде Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қарасу (Еңбек) ауылында өмірге келген. Омбы темір жол, Павлодар индустриалды және Алматы дене шынықтыру институтын бітірген. Қазақ туризм және спорт академиясының спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастығының құрылтайшыларының жалпы жиынында палатаның президенті болып сайланды. «Мәсімовтің сауықтыру орталығы» ЖШС директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті болды.
null

Қажымқан Мәсімов «Аманат» кітабын үш бөлімге бөледі. Алғашқы бөлім «Тамыр» деп аталады. Мұнда автор өзінің әкесі мен шешесінің тұлғасына терең тоқтала отырып, туған өлкесі мен жақын туыстарын еске салады, балалық шағы мен әкесінің майданда жүріп өткен жолын суреттейді.
null

«Өмір айрығында» атты екінші бөлімде автордың жастық шағымен, қалыптасу жолымен танысамыз. Туған өлкесінен алыстап, Алматы зооветеринарияға, Томск, Омбы темір жол институтына оқуға түсуін баян еткен автор алғашқы тапқан табысы жайлы да еске алады. Мәсімов анасы өмірден өткеннен кейін йогамен айналыса бастағанын, содан бері йогаға ден қойғанын жазады.

Кітаптың үшінші бөлімі «Оралу» деп аталады. Бұл бөлімде Қажымқан Мәсімовтің Сібірдегі жұмысынан кейін отанына оралғаны, Целиноградқа жұмысқа келіп, кейін Алматыға ауысқаны, жаңа әріптестермен, достарымен танысқаны суреттеледі. Мұнда да автордың йоганы тастамағаны жазылған.
null

Кітаптағы кіріспе сөзді Қажымқан Мәсімов қазақтың ұлы ақыны, дана Абай Құнанбайұлының «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» атты сөзімен бастайды. Автор адам баласы қартая келе өткен өміріне қарайлай беретінін, міне сондықтан, осы естеліктерді жазып қалдыруды ұйғарғанын атап өтеді.

«Өмірде аз көрдім бе, көп көрдім бе - баға беретін өзім емес. Бірақ даусыз бір дүние: әулетім өмірдің ыстығын да, суығын да қатар көрді. Әулетімнің осы көргенін мен бойыма бала кезден сіңіре бердім» деп жазады автор.

Кітапты Қажымқан Мәсімов өзінің әкесі Қасымның ұрпақтарына арнайды. Туындыда әулеттің тарихи жолынан хабар беретін көптеген ескі фотосуреттер бар. Әрбір бөлімде автор белгілі тұлғалардың қанатты сөздерін қосып отырады. Өзінің отбасына - зайыбымен қалай танысқанына, туған-туыстарының естелігіне, өзінің ұлы Кәрімнің қалыптасу жолына ерекше тоқталады.

«Біз бақытты кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұны бағалай білу керек. Ұлым Кәрімнің өз отбасының мақтанышына айналғанына бақыттымын. Мен ұлыма зор жауапкершілікті сеніп тапсырып, ел үшін маңызды жұмыстарды жүктеп жүретін дана әрі дарынды президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысымды білдіремін», - дейді автор.

Кітаптағы соңғы сөзін Қажымқан Мәсімов оқырмандарға арнайды.

«Менің бұл жазып отырғаным - біздің тарих. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда көргеніміз ұрпағымыз үшін сабақ болсын.Осы кітап балаларыма, немерелерім мен шөберелеріме аманат болсын. Ұрпағымыз аталары мен әкелері қандай болғанын, қандай қиындықтарды басып өткенін біле жүрсін. Мен жазушы да, данагөй де емеспін. Мен тек ұрпаққа естелік қалдырғысы келген атамын. Кітаптың артық-кем тұсы болса, оқырман кешірер деген үміттемін... Осымен сөз тәмам. Бәріне сәттілік серік болсын!», - дейді Қажымқан Мәсімов.
null

«Аманат» кітабын қазақ және орыс тіліндегі нұсқасын amanatbook.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының басшысы Қажымқан Мәсімов қайтыс болған еді.

Марқұммен қоштасу рәсімі ҚР Ғылым академиясы ғимаратында өтті. Қаралы жиынға Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Қайрат Келімбетов, Ғани Қасымов қатысты. Қала әкімі Бауыржан Байбек ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Соңғы жаңалықтар