Естай мен Қорланның махаббат дастаны жаңаша сахналанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кеше Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Естайдың Қорланы» қойылымының премьерасы өтті.

Қойылым режиссері, ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері Мұрат Ахманов ақын, драматург Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланы» махаббат-намасын басқаша сөйлетуге тырысты.

Қойылымда Қорлан мен Естай араға 40 жыл салып қайта қауышты. Қойылымның негізгі ерекшеліктерінің бірі - қос ғашықтың сезімін бірнеше уақыт кеңістігінде көрсетілуінде. Көлеңке театры мен құм графикасын пайдалану арқылы режиссер мейлінше аз декорация пайдаланып, өткен күннің елесін ұтымды сахналады.

Ашығын айту керек, режиссердің шығармашылық ұмтылысы өте ұтымды шықты. Құм графикасын жасаған қоюшы-суретші Индира Ихсан болса, көлеңкелерге Мейрам Хабибуллин жан бітірді.

Бұл қойылым белгілі актерлер Сағат Жылкелдиев (Естай) пен Жібек Лебаеваның (Қорлан) алпыс жылдық мерейтойына арналғанын атап өту керек.

Естайдың Қорланын білмейтін қазақ кемде-кем шығар.

«Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын...»

Естайдың «Құсни-Қорлан» әні бүкіл қазақ жұртына таралып, ғашықтық символына айналғаны шындық. Тағдырдың жазуымен жолығып, бірін-бірі шын сүйген ғашықтарға қосылу жазбапты. Алайда, екеуі де асқақ сезімдерін бір сақинаға сыйғызып кетті. Тіпті қаза боларының алдында Естай сері қолындағы Қорлан берген сақинасын бірге көмуін өтініпті деген аңыз бар.

Осы оқиға кейін ақын Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» поэмасында көрініс тапқан.

«Бірақ менің бақытым да, барым да - Қорлан берген алтын жүзік жарқырап, Елу бір жыл сәуле шашты қолымда. Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде Ғашық болып өлу - қандай мәртебе! Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік Жарық беріп жатсын маған көрде де!»

Соңғы жаңалықтар