«Ескі үй» бағдарламасы: Алматыда 1443 үй сүрілмек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі «Ескі үй» бағдарламасын жүзеге асыру үшін инвестор іздестіріп жатыр. Бұл туралы әкімдік өкілдері «Сүйікті қаламызды жаңарту» бизнес-форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Алматыда ескірген және апаттық жағдайда тұрған 948 үй бар. Оның 56-ы ғана бұзылып, орнына жаңа заманауи көп қабатты үйлер салынды.

«Капиталды құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры Ғани Сағиев бұл көрсеткіштің Алматы масштабымен салыстырғанда аз екенін айтты.

Енді Алматы тұрғын үйлерін жаңарту мақсатында инвесторлар тарту қолға алынып отыр.  

«Биыл осы жобаны жүзеге асыру мақсатында 3 ірі компания құны 45 млрд теңге болатын келісімшартқа отырды. Осы бойынша қалада үш ірі жобаны бастадық. Бірі Сүлейменов көшесінің бойында, ал қалған екеуін өз күшімізбен аяқтау керекпіз. Қазіргі таңда кәсіпорын Алматы көшелерінің ұсқынын кетіріп тұрған үйлерді сүруге басымдық беріп жатыр» , - деді Ғани Сағиев.

Биыл күзден бастап апаттық жағдайда тұрған үйлердің тізіміне инвентаризация өтуде. Ең алдымен қосқабатты кірпіш үйлер мен каркас пен қамыстан тұрғызылған үйлер назарға ілікті.

«Біз 1443 үйді жаңартуды көздеп отырмыз. Бұл үйлердің сыртқы келбеті де талапқа сай емес. Сонымен қатар, адам  өміріне қауіп төңдіретін үйлерді бұзуға тырысамыз. Бірақ үйлерді сүру процесі инвесторлармен бірлескен экономикалық-қаржылық есептің мерзіміне байланысты болады. Сонымен қатар, біздің проектегі ең үлкен проблема - бұл үйлердің қаланың шеткі аудандарында орналасуы. Сондай-ақ, апаттық үйлер жекеменшік үйлердің қоршауында қалған. Мұндай жобаларға инвестор барғысы келмейді. Қызыл сызықтан асқан үйлердің көпшілігі Түрксіб ауданында орналасқан» , - деді Сағиев.

Түрксіб ауданының Райымбек көшесінен төменгі аумақтарында апаттық үйлердің орнына биік үй салу мүмкін емес. Сондықтан, үйді салуға кететін шығын ақталмайды. Сату бағасы да төмен болады. Сол үшін иневсторлар бұл жобаларға бармайды.

«Бұрын осы баспаналар тек мемлекеттің қаражатына ғана жаңартылса, бүгінде жеке қаржы тартылып жатыр. Жекеменшік компаниялар өз ақшасына салады. Ал мемлекет әкімшілік тұрғыдан көмектеседі. Тұрғын үйге инфрақұрылым, су, жарық тартып береді. Сүлейменов көшесінің бойындағы бұзылып жатқан үйлердің тұрғындары мен жөндеу жұмыстарын өткізіп жатқан адамдарға уақытша Жандосов көшесінің бойындағы  40 пәтерді ұсындық», - деді кәсіпорын  өкілі Әзірбаев Мұхит.

Айта кету керек, «Ескі үй» бағдарламасының арқасында көптеген алматылық тұрғындар ескі үйден жаңа үйге көшіп жатыр. Кәсіпорын қос қабатты ескі үйлерді сүріп тастап, олардың орнына биік 9-12 қабаттық үй салады. Пәтерлердің жартысы тұрғындарға тегін берілсе, қалғаны коммерциялық мақсатта пайдаланылады. Осылайша мемлекет салған қаржысын шығарып алып отырады.

Соңғы жаңалықтар