Ескі көлік дөңгелектерінен өнім шығаратын Ақтөбедегі кәсіпорында 50-ге жуық адам жұмыс істейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жарамсыз көлік доңғалақтарын тегін қабылдап, одан жасанды жабынды дайындап отырған серіктестік тапсырыс қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік кәсіпорын қалдықты өңдеп, жаңа өнім ұсыну бизнесін бес жылғы жуық уақыт бұрын бастады. Сапалы өнім өзге өңірде жоғары сұранысқа ие.

«Жергілікті өнім сапасына кепілдік береміз. Бірнеше жыл бұрын төселген жасанды жабынды қазір мінсіз күйде. Тек жуып, алғашқы қалпына келтіруге болады. Қазіргі кезде жергілікті мемлекеттік мекемелердің тапсырысы жоқ. Тек жеке кәсіпкерлер шағын ұсынысын білдіріп, біз қажеттісін дайындап беріп отырмыз. Ал Қостанай облысы шамамен 20-25, Алматыда 50 аулаға тапсырыс беріп, біз орындадық. Сонымен бірге екінші дейгейлі банк Қазақстанның 18 қаласына балалардың жайлы әрі қауіпсіз ауласын сыйлады. Бәрі біздің еңбегіміз»,- деді серіктестік директоры Василий Лагизов.
Жасанды жабынды өндірісін дамыту үшін серіктестікке «Даму өндіріс» бағдарламасы аясында несие берілді. Бұл инвестиция әрі айналымға салынған мол қаржы.
«Кәсіпорын Ақтөбенің индустриалды аймағында орналасқан. Өнімді спорт, балалардың ойын алаңына қолдана аламыз. Қарапайым әдіс қолданылады. Ескі доңғалақтар өңделіп, нығыздалады. Түсі де әртүрлі»,- деді «Даму» қоры Ақтөбе облыстық филиалының менеджері Бауыржан Дарқұлов.
Бүгінге дейін Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан мен Қостанайдан ескі доңғалақ қабылданды.
«Алғашқы күні-ақ ескі доңғалақты тегін қабылдай бастадық. Қазір де тек Ақтөбеден емес, еліміздің бірнеше өңірінен жинаймыз. Жыл сайын 2-2,5 миллион келі шикізат аламыз. Бүгінге дейін 7,4 миллион келі доңғалақ залалсыздандырылып, өңделді. Өндірісте 40-47 адам жұмыс істейді. Тапсырыс көктемнен басталады. Жаз бойы жұмыс қызу жүреді»,- деді Василий Лагизов.


Соңғы жаңалықтар