Ескендір Сүлейменовтің туыстары 14 млн теңге талап етіп отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жол апатынан көз жұмған Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменовтің туыстары келтірілген залалды өтеуді талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ҚК-нің 166-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істе моральдық шығын мен залалды өтеу туралы жеке тұлғалардың азаматтық талабы қаралады. Өтеуге бұл ретте қылмыстың салдарынан келтірілген шығын, сонымен бірге жерлеу, жәбірленушілер мен өндіріске қатысушылардың процеске қатысуға кеткен шығыны жатады. Жауап беруші Мұхитованың қылмысының салдарынан келесі реттегі шығын келтіріліп отыр: оқиға орнында өртеніп, қалпына келтіруге келмейтін 2012 жылғы мотоциклдің құны 3 миллион 956 мың теңге, жерлеуге, жаназаны өткізуге және асқа кеткен қаражат 7,124 млн теңге, сонымен бірге сотқа дейінгі тергеу амалдарын өткізуге кеткен шығын 2,542 млн теңге. Келтірілген зиянның жалпы сомасы 14,752 млн теңгені құрайды», - деді жәбірленуші тараптың адвокаты бүгінгі өткен сот отырысында.

Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.

Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ, қалалық Ішкі істер департаменті Ескендір Сүлейменовтің мотоцикілі соғылған жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.

Айта кетерлігі, 12 қазанда осы іске қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар