Ескендір Сүлейменовтің өлімі: айыпталушы бас бостандығынан айырмауды сұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жол-көлік оқиғасынан көз жұмған Ескендір Сүлейменовтің ісіне қатысты сот процесінде айыпталушы Малика Мұхитова ақырғы сөзін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешіре алсаңыздар, кешіріңіздерші. Мұның қаншалықты ауыр екенін білемін, бұлай боларын қаламадым. Тағы да айтамын, оны дер кезінде көргенде, апатты болдырмау үшін бәрін жасар едім. Сіздерден тағы да кешірім сұрағым келеді. Өтінемін, рақым етіңіздерші, мен ешкіммен айырылысқым келмейді... Бұл мақсатты ешқашан көздеген емеспін. Қолымнан келгенше көмегімді аямаймын", - деді Малика Мұхитова өзінің ақырғы сөзінде.

Ол қайғылы оқиға болған күні өз өмірінің де астаң-кесең болғанын айтты.

"Жағдай қандай қиын болса да, сіздерден кешірім мен рақым сұраудан шаршамаймын. Өтінемін, мені аяңыздаршы. Күн сайын Ескендір мен сіздердің кешіргендеріңізді сұраймын. Әр жұма сайын анам жеті шелпек пісіріп, марқұмның жаны жәннатта болсын деп тілеп жүр. Өтінемін, түсіністік танытыңыздаршы. Екі ай бұрын Ескендір түсіме кірді. Жағажайда аппақ киіммен жүгіріп жүрді, қасында кішкентай қыз бар. Маған қарап күлімсіреді. Оның жағдайы жақсы болар деп топшыладым", - деді айыпталушы.

Сөз соңында Малика Мұхитова тағы да бас бостандығынан айырмауды сұрады.

"Құдайдың сол күні мені емес, оны алып кеткеніне кінәлі емеспін. Өтінемін, мені кешіріңіздерші, бас бостандығымнан айырмаңыздаршы. Менің ата-анамды, туыстарымды аясаңыздар екен. Анам, әкем, ата-әжем күн сайын қоңырау шалып жылайды. Өтінемін, темір торға қамата көрмеңіздер", - деді ол.

Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді. Ескендір тізгіндеген мотоцикл жол қиылысында көлікке соғылды.

Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.

Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны соттан 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар