Ескендір Ибрагим: Енді көк туды кәсіпқой бокста желбіретемін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ән әлемінде «Көк тудың желбірегені» әнімен танылған Ескендір Ибрагимді бұл күнде қазақтың танымайтыны кемде-кем. Ал оны спортшы ретінде ешкім көз алдына елестете алмайтыны айдан анық. Кешеден бері отандық БАҚ өкілдері «Ескендір Ибрагим кәсіпқой боксқа ауысыпты» деп жарыса жазды. Бұл әңгіменің анық-қанығын білу үшін ҚазАқпарат тілшісі әншінің өзімен тікелей байланысқа шығып, шағын сұхбат алды.

- Ескендір біз сізді әнші ретінде кеңінен танимыз. Алайда, кешеден бері «сіз кәсіпқой бокста алғашқы айқасын өткізгелі жатыр» деген әңгімелер желдей есіп жатыр. Бұл қаншалықты рас?

- Иә, бұл ақпараттың еш жалғандығы жоқ. Бәрі де рас. Алла қаласа, ертең Ресей астанасы Мәскеу қаласында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді өткізгелі жатырмын.

- Жекпе-жекке қаншалықты дайынсыз?

- Мен ән әлемінде сахнаға ешқашан дайындықсыз шыққан емеспін. Ал бұл шаршы алаң, ринг. Оның үстіне алғашқы айқасым болғандықтан үлкен дайындықпен шыққалы отырмын.

- Қарсыласыңыз кім? Ол туралы жақсы білесіз бе?

- Мен оның ММА-дан (аралас жекпе-жек - авт.) әлем чемпионы екенін жақсы білемін. Оңай жеңілетін қарсылас емес. Бірақ, қазақ ежелден жауынгер халық екенін сізде жақсы білесіз. Ешкімнен қаймығайын деп тұрған жоқпын.

- Қай елдің боксшысы?

- Қырғызстандық Шерғазы Сақтанов деген боксшы.

- Қай салмақта сынға түсесіз?

- 168 фунтта (76,2 кг - авт.) жұдырықтасамын.

- Осыған дейін бокспен айналысып көрген бе едіңіз?

- Иә, 2001 жылдан бастап, 2007 жылға дейін кәсіби түрде бокспен айналыстым. Ол кезде атақты боксшы Аманжол Бақаев деген ағамыз жаттықтырған болатын. Алайда, осы 2007 жылы жаттығу барысында ауыр жарақат алып, анам спортпен айналыспауға кеңес берді. Содан кейін бокстан қол үзіп кеттім. Алайда, қазірге дейін аптасына үш рет жаттығу залына барып, жаттығуымды жалғастырып келдім. Жалпы формамды сақтадым.

- Рингке қайта оралуыңызға не себепші болды?

- Ақтөбеде бір жаттығу кезінде қазақтың мақтан тұтар азаматтарының бірі, белгілі боксшы Жалғас Төкешов деген ағамыз маған боксқа қайта оралуымды өтінді. Мүмкін сол кезде менің бір мүмкіндіктерімді байқап қалған сияқты. Содан кейін, өзім іштей дайындалып, жаттығуға біржола бет бұрдым.

- Осы жекпе-жегіңізге қайда дайындалдыңыз, кімдер жаттықтырды?

- Бұл жекпе-жекке белгілі боксшы Бобыржан Момынов деген досым жаттықтырды. Естеріңізде болса Момынов Сауль «Канело» Альварестің Геннадий Головкинге қарсы жекпе-жегі алдында оған спарринг қарсылас болған еді. Жақында ол Астанаға келіп мағанда қолұшын берді. Сонымен қатар Данабек Сужанов, Бақытжан Қожабек сияқты боксшы достарым көмектесті. Барлығына алғыс айтамын.

- 2007 жылдан бері тура 10 жыл өтіпті. Бабыңызға келу қиын болмады ма?

- Әрине, оңай емес. Бірақ, қажырлы еңбек ете білген адамға қиын дүние жоқ. Мәскеуге үлкен дайындықпен келдім. Бұйырса, жеңіске жетемін деген ойдамын.

- Алғашқы айқасыңыз сәтті өтсе, ары қарай да осы кәсіпқой боксты серік етіп қала бересіз бе?

- Негізі бала күнімдегі арманым мықты боксшы атану болатын. «Игілікті істің ерте-кеші болмайды» дейді ғой. Алла сәтін салса, көреміз. Қазір миллиард халқы бар Қытайда кәсіпқой бокста атағы шыққан спортшы жоқ. Ал аз ғана қазақтан қаншама мақтан тұтатын мықты боксшы шықты. Сондықтан менен де үлкен үміт күтіңіздер.

- Сізді қазақ жұрты «Көк тудың желбірегені» әнімен жақсы таниды. Енді осы алдағы айқастарға шығатын кезде осы әнді шырқап шығу ойыңызда бар ма?

- Ән әлемінде көк байрағымды желбіреттім. Ендігі мақсатым - сол көк туымызды кәсіпқой бокста желбірету. Егер ұйымдастырушылар келісімін беріп жатса, сол әнмен шығатын боламын.

- Әңгімеңізге рахмет! Сізге сәттілік тілейміз...

Соңғы жаңалықтар