Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың «Атамекен» халықаралық фестивалі аяқталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық пен «Отан» орденінің иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ХІІ халықаралық «Атамекен» фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі кезеңнен тұратын дәстүрлі ән сайысына Қазақстан өңірлерінен, Ресейден барлығы 21 үміткер қатысты. Қытайдан бір орындаушы қашықтықтан бақ сынады.

Е. Хасанғалиевтің ұлы, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев бастаған қазылар алқасының шешімімен шымкенттік Айнұр Назарбекова бас жүлдеге (1 млн теңге) ие болды.

Сондай-ақ, Астана қаласынан келген Мұратбек Хайролда бірінші (650 мың теңге), түркістандық Өсербай Бөріханов екінші (500 мың теңге), Ұлытау облысының өкілі Айбек Абдыашимұлы мен батысқазақстандық Рустам Хафизов үшінші (300 мың теңгеден) орынға көтерілді.


Ресейден келген Тасқын Әжібай Хасанғалиевтер әулетінің, алматылық Ерік Төленов «Хасанғалиевтер әлемі» қорының жүлдесін еншіледі.

Батысқазақстандық Аружан Бисембай, атыраулық Мержан Қабдолов, Абай облысынан Олжас Оспан дипломант атанды.

Фестиваль аясында «Есіңе ал» атты Ескендір Хасанғалиевті еске алу концерті болды. Үш күнге созылған ән мерекесі гала-концертпен қорытындыланды.

Біржан Хасанғалиев пандемияға байланысты «Атамекен» ән фестивалінің үш жылдай өтпей қалып, қайта жалғасын тапқанын, сол үшін Ақ Жайық жұртшылығына риза екендігін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар