Ескендір Харсан жеңіліп көрмеген америкалық боксшыны нокаутқа жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ескендір Харсан жеңіліп көрмеген америкалық Исидро Очоаны (7-0, 3КО) нокаутқа түсірді. Бұл туралы ҚазАқпарат ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың жекпе-жегі Лас-Вегастың (АҚШ, Невада штаты) T-Mobile аренасында өткен бокс кешін ашты. Шоудың басты айқасы суперауыр салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы, британдық Тайсон Фьюри (28-0-1, 20KO) мен швед Oтто Валлин (20-0, 13 KO) арасында өтті.

Екінші аса жеңіл салмақтағы Харсан - Очоа кездесуі сегіз раундқа есептелген болатын. Бесінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсірді. Ал үзіліс кезінде белгілі бапкер Роберто Гарсия қамқорлығындағы боксшының одан әрі айқаспайтынын мәлімдеді.

Осылайша, 22 жастағы Ескендір профи-рингтегі жетінші жекпе-жегінде (оның алтауын нокаутпен) жетінші рет жеңіске жетті. Ал бұған дейінгі жеті айқасын да жеңіспен аяқтаған Очоа (үшеуін мерзімінен бұрын), алғаш рет жығылды.

Ескендір Харсанның кәсіпқой бокстағы ісін @MTK_Kazakhstan менеджерлік компаниясы жүргізеді. Ол WBC Inter-Continental бойынша жас чемпион титулының иесі. Кәсіпқой рингте 2017 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Спорттағы 7 айқастың бесеуін - АҚШ-та, біреуін - Қазақстанда өткізді.

Соңғы жаңалықтар