Есірткімен күресте тұтынушыларды ұстаумен ғана шектеліп отырмыз – Бас прокурор

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Есірткі қылмысын жасаушылардың төрттен бірі ғана жазаға тартылған. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң үстемдігі болмаса, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе - әлеуметтік-экономикалық дамудың ешбір акпектісі іске аспайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Бүгінде бұл құқық қорғау жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Жағымды динамика бар. Заң бұзу фактілерінің саны жыл сайын үздіксіз төмендеп келеді. Қылмыс көрсеткіштерінің мемлекеттер арасындағы рейтингінде Қазақстанның индексі «қалыпты» деп бағаланады. Яғни, жалпы жағдай бақылауда, тұрақты. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға сылтау болмауы керек», - деді Бас прокурор.

Сондай-ақ, ол азаматтардың қауіпсіздігіне әсер ететін қылмыстардың бәрінің алдын алу жұмысын күшейту керектігін еске салды.

«Мысалы, қоғамды синтетикалық есірткі мәселесі қатты алаңдатып отыр. Бұл бағытта белгілі бір жұмыс жүріп жатыр. Ондаған зертхана жойылды. Тәркіленген синтетика көлемі 3 есе ұлғайған. Сондай-ақ, интернет арқылы және есірткі жасырушылар арқылы мефедрон, «тұз» сияқты синтетика қарқынды сатылып жатыр. Дегенмен тіркелген фактілердің төрттен бірі бойынша ғана есірткі қылмысын жасаушылар жауапқа тартылған. Яғни, сол баяғыдай есірткі тұтынушыларды ұстауға басымдық беріліп келеді. Құқық қорғау органдары өкілдерінің есірткі сатушылармен сыбайласу фактілері бар. Бұған Мемлекет басшысы да назар аударған болатын», - деді Берік Асылов.


Соңғы жаңалықтар