Есірткіге қарсы күрес қалай жүзеге асып жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Бүгінде әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар. Ал есірткіден жыл сайын 500 мыңнан астам адам қайтыс болады екен.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Содан да болар, есірткімен күреске елімізде ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есіркінің таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін атап өткен болатын. Сонымен қоса, жуырда Атырау облысына сапарында да Президент қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне тоқталып өтті. Осы ретте есірткімен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жайлы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Әлемде нашақорлар саны 275 миллионға жеткен

БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1987 жылы 26 маусым – «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп белгіленді. Нашақорлық - көп деңгейлі апат. Оның кесірінен есірткі тез таралып, демографиялық апат болып, экономика, әлеуметтік және саяси орта криминалданады. БҰҰ мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22% өскен. Әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар екені анықталған. Сөйтіп, жыл сайын есірткі 500 мыңнан астам адамның өліміне себеп болып отыр. БҰҰ мәліметінше, соңғы 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134% артқан. Бұл фактор әсіресе Шығыс және Оңтүстік Азия, Солтүстік Америка елдері үшін аса қауіпті.

Айта кетейк, БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған.

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, есірткінің таралуына пандемия да өз әсерін тигізген. Бұл туралы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарманың (UNODC) «Коронавирустың есірткі таралуына әсері туралы қысқаша шолуында» зерттеушілер сауалнама жүргізген. Оның нәтижесіне қарасақ, 2020 жылы синтетикалық есірткіні пайдаланатындар саны артып, опиоид (героин) және каннабис (марихуана, гашиш) қолданысы төмендегені байқалған. Сонымен қоса, баяндамаға сәйкес, 2020 жылы нарықта есірткі көлемі азайып, нашақорлардың есірткі жеткізушілерге деген сенімі төмендеген. Сондықтан есірткіге тәуелділердің көбі өз бетінше немесе басқа адамдармен бірігіп, есірткіні ірі көлемде сатып алғаны белгілі болды. Психобелсенді заттарға тәуелді топ ұйымдастырған «марафонда» адамдар бірнеше күн бойы тоқтаусыз есірткі пайдаланған. Синтетикалық есірткі салыстырмалы түрде аз уақыт әсер етеді, сондықтан ол жиі қолданылады.

Еліміздегі есірткі айналымы

Нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымы - ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс басқармасының 2019 жылғы баяндамасына сәйкес Қазақстан есірткіден болатын өлім бойынша әлемде 34-орында тұр. Тіпті БҰҰ Қазақстандағы нашақорлар саны ресми есепте тұрғандардан 7 есе көп болуы мүмкін екенін айтады.

Ал Ішкі істер органдарының ресми медиа орталығына қарасты «Polisia.kz» дерегіне жүгенсек, 2021 жылы ІІМ синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты 1400-ден аса қылмыс тіркеген. 142 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленіп, 17 есірткі лабораториясы жойылған.

Тағы да статистиканы сөйлетсек, ІІМ мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы 5 айында 27 кг синтетикалық зат тәркіленген. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есе артық. 2022 жылдың қаңтарында құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты 79 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ, 5 келіге жуық синтетикалық затты тәркілеп, бір зертхананы жойған. 2021 жылы Астана қаласы мен Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында 25 келіден астам дайын есірткі және оларды жасауға арналған 3,5 тонна прекурсор тәркіленген еді. Сол жылдың желтоқсанында заңсыз айналымнан 42 тонна әртүрлі прекурсорлар алынды.

Ал Республикалық психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры Николай Негай 2016-2020 жылдар аралығында жаңа психобелсенді заттарға тәуелді адамдар саны 60 есе өскенін айтты.

Осы мәселе ел басшылығының назарынан тыс қалған жоқ. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында қоғамды алаңдатып отырған синтетикалық есірткі мәселесіне тоқталып өткен болатын. Ол есірткіге қарсы күресті күшейтуді тапсырды.

«Мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Біз бүкіл қоғам болып бұл кеселге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.

«Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасы

Республика бойынша жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 2,5 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның 60%-ы немесе 1,5 мыңы есірткіні сатумен айналысқан. Елімізде нашақорлыққа қарсы түрлі деңгейдегі шаралар өткізіліп жүр. Мәселен, 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасы өткен болатын.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Бақытжан Әмірханов «Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасының нәтижесін баяндады. Оның мәлімдеуінше, шара аясында 12,7 тонна есірткі тәркіленген.

«Жалпы 12,7 тонна есірткі тәркіленді. Оның ішінде героин – 33 кг, апиын – 68 кг, синтетика – 507 кг, гашиш – 705 кг, марихуана – анаша дейміз, 4 тоннадай, қалғаны канабис секілді өсімдік түрлері», - деді Әмірханов.

Сондай-ақ есірткімен айналысатын 4 ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылған. Ондай топтың 32 белсенді қатысушысы жауапқа тартылды. Олар есірткіге қатысты 13 ауыр қылмыс жасаған.

Бақытжан Әмірхановтың сөзінше, есірткі саудасы интернет және электрондық төлем жүйелері арқылы жүзеге асады. Сонымен қоса, есірткі сайттарының негізгі бөлігін «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі автоматты түрде бұғаттайды.

«Жыл басынан бері есірткі жарнамалайтын 2 мыңға жуық сайт бұғатталды. Әрине, біз халыққа шектеу қоя алмаймыз. Төлемді тоқтата алмаймыз. Сондықтан Қазақстанда ең танымал онлайн-платформалар мен төлем жүйелерінің меншік иелерінің өкілдіктері мен кеңселерін кеңейту құзыретті органдардан теңдестірілген шешім әзірлеуді талап етеді. Тек осылай ғана олардың қызметін біздің заңнамаға сүйене отырып реттей аламыз», - деді ол.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, елімізде тәркіленіп жатқан есірткінің 90%-ын каннабис шикізатынан әзірленетін кептірілген марихуана, гашиш, қарасора өсімдігі құрайды. «Бұл – тек Шу алқабында жабайы өсетін қарасора ғана емес. «Үнді қарасорасы» да есірткі тұтынушылар арасында кең сұранысқа ие», - деді спикер.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасына Ұлттық ұлан күштері мен құралдары, техникалары, «Бүркіт» жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының арнайы бөлімшелерінің жауынгерлері жұмылдырылғанын атап өтті. Тікұшақ техникасы, жоғары өтімді автокөлік, сондай-ақ биыл алғаш рет ұшқышсыз ұшатын аппараттар пайдаланылған. «Жыл сайын 10-15 тонна аралығында есірткі тәркіленеді, 200-ден астамы есірткі өсіру фактілерімен 50-дей ірі плантация жойылады. Мұның бәрі есірткі бизнесінің осы түрінің жоғары ұйымдастырылғанын көрсетеді», - деді спикер.

Бақытжан Әмірхановтың сөзінше, тамыз және қыркүйек айларында ІІМ Ұлттық ұлан және ҰҚК қызметкерлері Қызылорда және Түркістан облыстарының аумағында тікұшақтардың көмегімен әуеден барлау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінше, есірткі егудің 19 фактісі анықталған. Ол бірлескен операцияның нәтижелерін егжей-тегжейлі таныстырды.

«Әуе көліктерімен 20 рет ұшуы кезінде марихуана сақтаудың 2 фактісі, есірткі егудің 19 фактісі анықталды. Жалпы салмағы 5,5 тонна болатын 10 мыңнан астам қарасора бұталары жойылды. Абай облысының Үржар ауданында қаскүнемдер есірткі егуге тырысқан. 105 кг дайын өнім және 2 мыңға жуық өсірілген қарасора бұталары тәркіленді. 13 адамның 8-і бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін сотталған. Олар - Қызылорда облысының тумалары. Яғни, есірткі сатушылар егіс орындарын ауыстырып отыруға тырысады. «Шу қарасорасының» таралуы да солай. Жамбыл облысында жабайы қарасора жалпы ауданы шамамен 148 мың гектар жерде өсірілген», - деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы.

«Қарасора – 2022» жедел алдын алу шарасы аясында ол жыл сайын алқапта қылмыскерлерді аңду және ұстау бойынша іс-шараларды өткізу үшін жол талғамайтын көліктермен және арнайы техникамен жабдықталған «Дельта алқабының» арнайы жасағының қызметкерлері жұмылдырылғанын да айтып өтті. Мәселен, Маңғыстау облысы мен Астанада ұсталған адамдардан осы қарасора сортының 250 кг тәркіленген. Жүкті логистикалық компания жеткізгені анықталған.

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Нәтижесінде, республика бойынша 1275 қылмыс анықталды, оның ішінде 667 өткізу, 178 заңсыз сақтау және 245 өсіру фактісі бар. Полиция қызметкерлері 9,7 тонна есірткі, оның ішінде 2,3 тонна марихуана, 200 келіге жуық гашиш, 113 келі синтетикалық есірткі, 7 тоннаға жуық қарасора және 179 мыңнан астам түп есірткі бар өсімдіктерді тәркіледі. Жалпы, «Қарасора» операциясы сәтті аяқталып, күткен нәтижеге қол жеткізді. Жеткізу арналарының жолын кесу және каннабис тобындағы есірткінің ірі партиясын тәркілеу, сондай-ақ плантацияны жою фактілері дәлелденді», - деді Бақытжан Әмірханов.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру» жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Ол құжатқа сәйкес, жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы күшеюі керек. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де аталған жол картасын жүзеге асыруға атсалыса алады.

Есірткі саудасы қалай жүзеге асады?

Есірткі саудасының көлемі әлемде заңсыз қару-жарақ, мұнай саудасының айналымынан кем түспейді. Есірткі саудасы көлеңкелі бизнес түріне жататындықтан, оның тауар айналымы жайлы нақты, анық дерек жоқ. Кейбір деректерде әлемдік есірткі саудасының көлемі 800 миллиард АҚШ доллары екені айтылса, тағы бір деректерде бір триллион АҚШ долларына дейін жететіні жазылады. Уақыт өткен сайын жаңа технологияның, коммуникация түрлерінің өркендеуін есірткі саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық ұйымдар да өз пайдасына жаратып, қылмыстардың көлемін, ондағы тауар айналымының дамуын, интернет арқылы маркетинг жасау арқылы қамтамасыз етіп жатыр.

Қазақстанда да есірткімен күрес - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін оның ішінде графити-суреттер мен QR кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Сонымен қоса, «www.polisia.kz» сайты арқылы еліміздің әр өңірінде күнделікті есірткі сатумен, оны тасымалдаумен, тұтынумен айналысқан тұлғалардың ұсталып жатқанын, онымен күрес жұмыстары туралы ақпаратпен танысуға болады. Интернет технологиялардың дамуына және сұраныстың синтетикалық есірткілерге көптеп болуына байланысты есірткі саудасы да түрлене түсті. Әсіресе, белгілі бір адаммен кездесіп қолма-қол ақша арқылы алу әдісі жоғалды десек болады. Осыған орай, Ішкі істер органдары интернет желісіндегі құқыққа қайшы контентті бұғаттау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингін жүргізуді қолға алды. Мәселен, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес, есірткі психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз өткізу бабына (297-бап) электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы деген тармақ қосылды. Бұл қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Сондай-ақ осы заңға тағы екі бапқа толықтыру енгізілген болатын. Атап айтар болсақ, электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді. Ал олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Бұл қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.

Ішкі істер министрлігі ірі қызметтердің бірінде 50-ден астам жарнама жойылғанын мәлімдеді. Онда есірткі бөліктерін қала ішінде тасымалдау үшін курьерлік жұмыстар ұсынылған. «Telegram» серверінің қазақстандық әкімшісі жүргізген жұмыс қорытындысы бойынша есірткіні жасырын сатумен айналысатын 440 чат анықталды. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне 440 интернет-ресурсты бұғаттау жөнінде сауал жіберілген.

Айта кетейік, Қазақстан есірткі саудасымен күресте көршілес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сияқты мемлекеттермен және халықаралық қауымдастықпен тізе қосып әрекет етіп жатыр. Өйткені есірткі саудасын тоқтату немесе азайтуға бір ғана мемлекеттің әлеуеті жетпейтіні анық.


Соңғы жаңалықтар