Есірткі жарнамалаған 800-ден астам интернет ресурс бұғатталды – ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері ел көлемінде есірткі түрлерін насихаттаған 875 интернет ресурс анықталып, бұғатталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Омарбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер органдары интернет кеңістігіне мониторингті тұрақты түрде жүргізіп тұрады. Оның барысында есірткі, психотроптық және басқа да тыйым салынған заттарды таратуға қатысты ақпараттар анықталып жатады. Есірткіге қатысты ақпараттардың форматы әртүрлі. Атап айтқанда, бейресми сайттар, посттар, блогтар және жарнамалық хабарландырулар. Жыл басынан бері есірткі жарнамалаған 875 интернет ресурс анықталып, бұғатталды», - деді Ерлан Омарбеков.

Оның айтуынша, елімізде есірткіні жарнамалаушы сайттардың басым бөлігі шетелдік доменмен тіркелген.

«Өкінішке қарай, шетелдік доменмен тіркелген есірткі жарнамалаушы интернет ресурстардың жолын кесу оңай емес. Сол сияқты оны ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту жағы да қиынға соғып отыр. Жалпы алғанда еліміз бойынша есірткіні интернет арқылы насихаттаудың алдын алу мәселесі ерекше назарда. Анықталған интернет ресурстардың республика аумағында қызметін тоқтатып, бұғаттау үшін біз деректерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жібереміз», - дейді ол.

Бұған дейін Е. Омарбеков бүгінде елімізде адам денсаулығына күшті әсер ететін заттардың айналымына қатысты жаңа заң жобасының әзірленіп жатқанын мәлім етті.



Соңғы жаңалықтар