Есірткі тасымалдаған ақтөбелік 11 жылға сотталды

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде есірткі затын сақтап, тасымалдап, сатқан сотталушыға үкім шықты. Сотталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз сақтағаны және тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылған Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Одан 144 грамнан астам психотроптық зат тәркіленді. Күдіктінің психотроптық зат оралған ораманы бірнеше рет заңсыз сатып алғаны және өзінің жертөлесінде аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны белгілі болды.

Сот отырысында сотталушы тағылған айыпты мойындамады. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу барысында берген айғақтарынан бас тартты. Алайда полиция қызметкерлері бұлтартпайтын дәлелдемелер ұсынып, сотталушы кінәсі расталды. Үкім заңды күшіне енді. Оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Былтыр және биыл психотроптық заттарды кепілге салушыларға қатысты барлығы 17 қылмыстық іс сотқа жолданды. Он іс бойынша үкім шығарылды. Онда сотталғандардың әрқайсысы 10 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды», - деді Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұрлан Таушанбаев.


Соңғы жаңалықтар