Есімімді елорда құрметіне қойғанын мақтан етемін - Астанбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Естігенде құлағыңды елең еткізер ерекше есімдер болады. Мәселен, 2010 жылы елорда төрінде 11 жылдық үзілістен соң алғаш рет өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана саммитінен кейін дүниеге келген сәбилерге Саммитбек, Саммитхан, Саммит есімдері берілгені есте. Қазақ жерінде тұңғыш рет 2011 жылы өткен Қысқы Азия ойындары кезінде дүние есігін ашқан көптеген сәбиге Азияда есімі беріліп жатқан жайттар кездесті. Еліміздің елордасы атанған Астана шаһарының да атауы талай сәбидің есіміне арқау болды. Солардың бірі - Астанбек Қайдарұлы. Астана күні қарсаңында біз Астанбекпен және әжесі Гүлзипамен аз-кем сұхбаттасуға тырысқан едік.

«Атымның Астанбек  деп қойылуының өзі қызық. Анам Сәлима «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейді. Астана еліміздің елордасы болып жарияланғаннан кейін 1999  жылы газет ұжымы бас қалаға қоныс аударады.  Бірде ұжымның мерекелік бас қосуында сол кездегі газеттің басшысы Ержұман аға  Смайыл дастархан басында қыз-келіншектерге қарата әзіл-шыны аралас «қыз тусаңдар атын -  Астанай, ал ұл тусаңдар - Астанабек немесе Астанбек қойыңдар» депті. Сол жылы Егеменнің белді тілшісі Ғабит аға Мүсірептің отбасында қыз бала дүниеге келіп, оның есімін Астанай деп қояды. Ал мен 2000 жылдың қаңтар айында дүниеге келдім. Есімді қоятын кезде ата-анам ақылдаса келе, Астанабектен гөрі Астанбек деп қойғанымыз жөн болар деп ортақ ұйғарымға келген екен», - деді ол.

Табиғатынан тұйық, қатарластарымен болмаса, өзгелермен  емен-жарқын араласуға ниет таныта қоймайтын Астанбек биыл мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестіден 92 балл жинаған. Ендігі мақсаты - Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығына тапсырып, білімін шыңдау.

«Әке көрген - оқ жонар, шеше көрген - тон пішер», демекші  болашақта әкемнің жолын қуып Президент күзеті қызметінде жұмыс істегім келеді. Әрине, оның өте жауапты жұмыс екендігін әрі кез келген сәтте жедел шешім шығара алатын қырағы болумен қатар, шымыр болу қажеттігін  жақсы білемін. Сондықтан спортқа да ден қойып, бокспен айналысамын, футболды жақсы көремін. Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған «Астана-1964» футбол клубының сапында өнер көрсетемін», - деді Астанбек.

Қазақта «Балам - балым, баламның баласы - жаным» деген аталы сөз бар. Мұның сырын немересіне жанын беруге әзір тұратын ата мен әженің пейілінен-ақ анық байқауға болады. Астанбектің әжесі де тұла бойы тұңғышы десе бәрінен баз кешуге дайын. Оның кішкентай кезіндегі барлық ерке қылықтарын ауырсынбай, бүгінгі балаң жігіт болған сәттегі әрекеттеріне сүйсіне қарап отырады.

«Астанбегім кішкентай кезінде өте ерке болды. Тұңғыш немерем болғаннан кейін бе, бетін қақпай еркелетіп, еркін өсіруге тырыстым. Әкесі мен шешесі менің бұл қылығыма кей кезде кейістік те танытып қалатыны бар. Бастауыш сынып оқитын кезі болатын. Бірде дәптерін алдыма лақтыра салып: «Әже, сабағымды жаза берші. Мен ойнап келейін», деп велосипедін алып, далаға шығып кетті. Сөйтіп, немеремнің сабағын оқыған кезім де болған», - дейді күліп Астанбектің әжесі.

Гүлзипа апа немересінің өзгелерге тұйық болып көрінгенімен, өзінің қатарластарына бауырмал, қолы ашық екендігін айтады.

«Қолындағы барын өзгелермен ылғи бөлісіп жүреді. Бірде мынадай қызық болды. Немереме «сабағыңнан бір 5 алсаң - 500 теңге беремін» деп дастархан басында әзілдеп айтқаным бар. Екі-үш күннен кейін күнделігіндегі 7 бесін көрсетіп, 3500 теңгемді қағып алды. Сол ақшаның барлығын ауладағы достарына тәттілер алып беріп, қарық қылыпты...».

Кейде ақпарат әлемінен ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктен туындаған талай әңгімелерді естіп жататынымыз бар. Ал Астанбектің әжесі ұлы Қайдардың  келін таңдауда жолы болғанын айтып, Құдайға тәубе етеді.

«Қазақта «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сөз бар. Сәлима  отбасымызға түскеннен бастап шаңырағымызға құт-береке келді деп айтып отырамын. Немеремнің үлкен азамат болып, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болғанын тілеймін. Соңынан ерген екі қарындасына қамқор болып, зор жетістіктерге жетсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді Гүлзипа апа.

Астанбек ата-әжесі Амангелді мен Гүлзипаның, нағашы ата-әжесі Тәліпбай мен Келенің де тәлім-тәрбесіне қанып өсті. Кішкентай кезінде Шу қаласында тұратын нағашы ата-әжесінің қолында біраз уақыт болып, қамқорлығын көрді.

«2 жасыма дейін нағашы әжем мені арқалап жүріп бағыпты. Таңертең ерте тұрып алып: «Әже, ыстық көмбе нан жегім келеді» дейді екем. Шуға барған сайын нағашыларым кішкентай кезімдегі қылықтарымды айтып, әзілдейді», - дейді Астанбек.

Астанбек есімінің еліміздің бас қаласының құрметіне орай қойылғанын мақтан етеді.

«Есімім Астанамен тығыз байланысты, өмірім де осы нұрланған шаһармен астасып жатыр, мен бақыттымын. Еліміздің бас қаласына артылған жауапкершілік жоғары - бүгінгі күні маңызды деген халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін абыроймен өткеруде. Мен де өз бойымнан үлкен жауапкершілік қасиетті сезінемін, алған білімімді ел қамына сарқимын! Астанамыздың абыройы асқақтап, алар асуы зор болсын!», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар