«Есімімді ел қойды»: Ұлыстың ұлы күнінде туған Наурыз атты жігіттер жайлы

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Үшеуінің де есімдері бір. Үшеуінің де кіндігі Ұлыстың ұлы күнінде кесілген. Үшеуі де үйленіп, әке атанған. Тек өмір жолдары, таңдаған салалары бөлек. Бірі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, екіншісі – көлік жүргізушісі, тағы бірі өрт сөндіруші болып еңбек етеді. ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық мейрам қарсаңында Наурыз есімді шығысқазақстандықтармен әңгіме өрбітіп көрген еді.

Егемендікпен қайта жаңғырған

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын асыға күтпеген жан кемде кем шығар. Аяз кетіп, айнала құлпыра түскен шақта әз-Наурыз мейрамы әр шаңырақта аталып өтіледі. Күллі түркі әлемінің жаңа жылында туған-туыс төс қағыстырып, дос-жаран думандатып, көрші-қолаң күлімдесіп көріседі. Ұлыстың ұлы күні КСРО заманында тойланбай кеткен еді. 60 жылдан астам уақыт бойы халық Наурызын сағынды. Кеңестік идеологияның ноқтасы сыпырылып, азаттықтың ақ таңы атқан тұста қастерлі мейрам қайта оралды.

1992 жылы 22 наурыз күні Күршім ауданының орталығында Наурыз мейрамын атап өтуге қамданып жатқан отбасының үйінде тағы бір қуаныш болды. Әулеттің келіні босанып, шекесі торсықтай ұл тапты. Қуанышы қойнына сыймаған отағасы баласының есімін Наурыз қойған. Енді міне, сол құртақандай сәби биыл орда бұзар отызға толайын деп отыр.

- Мен үшін бұл мейрамның орны бөлек. Есімім өзіме ұнайды. Әкем мән-мағынасы зор, тарихы тереңде жатқан, елімізде еркіндікпен қайта жаңғырған мейрамға орай осындай ат қойды. Жылда жанұямызбен, жақындарымызбен атап өтеміз. Келіншегім үйде ет асып, бауырсақ пісіреді. Дәмі тіл үйіретін наурыз көже ішеміз. Молынан жайылған дастарханда тілек айтысып, көңілді отырамыз, - дейді Наурыз Жұпаев.

Бүгінде ерлі-зайыптылар 3 бала тәрбиелеп отыр. Шаңырақ иесі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалында жүргізуші болып жұмыс істейді.

- Барша халықты әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін. Әр күндеріңіз шуақты, мәнді де сәнді өтсін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, - дейді Наурыз.


Атарбада туған атұстар

Тарбағатай ауданы Жәнтікей ауылында тұратын Наурыз Бестібеков 1994 жылы наурыздың 22-ші жұлдызында туған. Анасы бауыр еті — баласын перзентханада емес, далада атарба үстінде жарық дүниеге әкелген екен.

- Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Сол жылдары шаруа қожалығында тұрған. Апам ауырып қалып, әкем оны қалаға ауруханаға алып кеткен. Ал анам үйде бауырларымен қалыпты. Кенет шешеміздің толғағы келіп, түнде атарбамен ауруханаға бет алған ғой. Сөйтіп, жол үстінде босаныпты. Дәл Ұлыстың ұлы күнінде. Осыған орай ауыл халқы атымды Наурыз деп қойған, - дейді ол.

Бүгінде Наурыз туған жеріндегі өзі білім алған Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. 2016 жылы үйленіп, екі баланың әкесі атанып отыр. Қызы 4-те, ұлы 1 жаста. Бір қызығы, кестетігері 1 қыркүйек – Білім күнінде туыпты.

- Бала күнімнен спортқа жақын болдым. Волейбол, үстел теннисі және күреске қызығамын. Кезінде күрестен облыс чемпионы болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «Өскенде дене шынықтырудан сабақ бергім келеді» деп айтатынмын. Құдайға шүкір, сол мақсатыма жеттім, - дейді тарбағатайлық.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін туған күні тойланбай өткен жоқ. Жылда қанша жасқа толса сонша лақты жерлестеріне береді екен. Биыл жиырманың сегізіне шықпақ. Демек, 28 лақ ауылдастарына таратылады деген сөз.

- Хабарласқан адамдар бірінші туған күніме тілек білдіреді. Содан соң әз-Наурыз мейрамымен құттықтап жатады. Үй іші қонаққа толып, көңіл жазып, көсіле сөйлесіп, арқа-жарқа боп қаламыз. Ләйім солай болғай!, - дейді Наурыз Бестібеков.

Сөз соңында ол ел азаматтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қазақ жеріне құт-береке, әр отбасыға бірлік пен молшылық тілейтінін жеткізді.


«Атымды атам қойды»

Наурыз Қоңыратбаев 29 жыл бұрын 22 наурызда дүниеге келген. Есімін атасы қойыпты. Қазір Алтай ауданындағы ТЖД-ның №20 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Қызыл жалынды ауыздықтауға аттанып, түрлі қиындықтарға тап болған жандарға көмек қолын созуға әрқашан әзір.

Одан бөлек өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Кезінде жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленгені бар. Бүгінде олардың командалары еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанған.

- Наурыз мейрамын отбасымызбен қарсы аламыз. Әйелім, 5 жасар қызым бар. Орталық алаңдағы концертке барып, ұлттық ойындарды тамашалаймыз. Үйде дастархан жайып, қонақ күтеміз, - дейді Наурыз.

Екінің бірі өрт сөндіруші бола алмайды. Ол үшін күш-жігер, шыдамдылық пен төзімділік қажет. Осы қасиеттер бойынан табылатын Наурыз жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

- Әз Наурыз құтты болсын! Әр шаңыраққа береке, қуаныш тілеймін. Еліміз өркендеп, дами берсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын! - деді ол.


Соңғы жаңалықтар