Есіл өзенінде су деңгейі көтерілді: Жағдай бақылауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Есіл өзені тасып жатыр. Салдарынан Челябі-Новосібір бағытындағы республикалық маңызы бар жолды су шайды. Қазір төтенше жағдай департаментінің мамандары жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РММ СҚОФ мәліметінше, Тоқсан би ауылының жанында Есіл өзенінің су деңгейі бір тәулікте 85 см көтерілді. Петропавлда бұл көрсеткіш 12 см артқан. Новоникольское елдімекенінің маңында көпір су астында қалып, Покровка, Николаевка және Өрнек ауылдарының маңында су арнасынан шықты. Петропавл қаласында Челябі-Новосібір бағытындағы автожолдың 528 шақырымын су шайып кетті.

«Ақмола облысынан тағы су келе жатыр. Сергеев су қоймасында су тасқынының екінші кезеңі басталды. Қазір мұндағы су деңгейі 880 см, судың мөлшері 790 млн текше метр. Бұл - қажетті мөлшерден шамамен 100 млн текше метрге артық. Судың жиектен асып ағуы 80 см-ге жетті. Тәулігіне 379 текше метр секундына су жіберіліп жатыр», - дейді «Қазгидромет» РММ СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.null

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, бүгінде Петропавлдағы су торабы толған. Мұндағы су деңгейі қазір 843 см, бір тәулікте 12 см көтерілді. Жайылған су Заречный кентіндегі саяжай учаскелеріне кіре бастады.

Құтқарушылар әзірше алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Жағдай бақылауда.

«Су саяжай учаскелеріне кіргенімен үйлерді басқан жоқ. Қазір ол аймақта тәулік бойы тәртіп сақшылары кезекшілік етуде. Республикалық маңызы бар жолды су шайса, айналма жол бар. Байланыс үзілген жоқ. Біз дайын болдық. Бүгін «Элегия», «Электрон» саяжай қоғамдарын аралап, жағдайды білеміз», - дейді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Облыс орталығының Заречный кентіне жақын автожолдар учаскелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Автокөліктердің жүруіне шектеу енгізілуіне байланысты, осы елдімекенге жақын жерде пост қойылған. Департамент қызметкерлері жоғары өтімді автокөлікпен тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасынан су тасқынына тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында Есіл өзенінің бойында орналасқан елді мекендердің: Қызылжар ауданының Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарының, Петропавл қаласы Тері зауытының ауданы маңында бақылау бекеттері қойылды. «Су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың алдын алу және жою мақсатында департаменттің Дағдарыс орталығында тәулік бойы жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай тұрақты бақылауда», - дейді құтқарушылар.null

Соңғы жаңалықтар