Есіл өзенінде мұздың астына түсіп кеткен Петропавл тұрғыны аман қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда әмбебап полицейлер Есіл өзенінде мұздың астына түсіп, суға батып кете жаздаған ер адамды құтқарды, деп хабарлайды СҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«Петропавлда ІІБ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Есіл өзенінде мұздың астына түсіп, суға батып кете жаздаған ер адамды құтқарды. Бұл оқиға кешке, қалалық Жеңіс саябағына жақын жерде орын алған», - делінген хабарламада.

22 желтоқсанның түнінде полиция старшинасы Руслан Қыдырмин мен кіші сержант Ильдар Жамаладинов көлік патрулімен қызмет жүргізу кезінде радиобайланыс арқылы ІІД Жедел басқару орталығынан хабарлама алған. Орталық инспекторы барлық қызметкерлерге Жеңіс саябағының қасындағы Есіл өзенінде ер адамның суға батып жатқанын хабарлады.

Оқиға орнына жол-патрульдік полициясының тағы бір экипажы, ТЖ департаментінің қызметкерлері және дәрігерлер келіп жетті. Олардың ортақ күшімен есінен танған ер адам мұзды судан шығарылды.

Құтқарылған азамат 3-ші қалалық ауруханаға жеткізілді. Кейінірек 28 жастағы Владимир Әбішевтің Заречный кентінде тұратын достарынан оралып келе жатып, үйіне тезірек жету үшін жолды қысқартып, өзеннің үстімен өткісі келгені анықталды. Алайда жағаға шамамен он метрдей қалғанда, ол ойыққа түсіп кеткен. Зәресі ұшқан ер адам сол кезде абырой болғанда мұзды судан істен шығып қалмаған ұялы телефонымен досына хабарласып, жағдайын айтқан. Досы болса, полицейлерді көмекке шақырған.

Владимир Әбішев полицейлерге жеделдігі үшін дән риза. Алдағы уақытта абай болуға уәде етті. Бұл оқиғадан кейін бір тәулік өткен соң ол жұмысқа да шығып үлгерген.

Соңғы жаңалықтар