Есіл өзенінде кемемен жүзу маусымы ашылды
Кеменің алғашқы жолаушылары дәстүрлі түрде «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері болды. Ресми бөлімнен кейін мүмкіндігі шектеулі балалар теплоходпен тегін қыдырып келді.
«Есіл-Астана» МКҚК директоры Қанат Алиннің айтуынша, биыл алты жолаушы кемесі тасымалдайтын болады.
«Дәстүрлі навигация кезінде астана тұрғындары мен қонақтары су көлігінің қызметін пайдалана алады. 2009 жылы бізде бар болғаны 5 кеме болса, бүгінде олардың саны 14-ке жетті, оның 6 кемесі жолаушыларға қызмет етеді. Олардың жалпы сыйымдылығы 265 орынды құрайды», - деді ол.
Айта кетейік, Амфитеатр ауданындағы жаяу жүргіншілер көпірін салу бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты, Астана әкімдігі уақытша қозғалыс сызбасын бекітті: отырғызу Кенесары ескерткішінен төменде орналасқан ротондадан - су реттейтін плотина - Амфитеатр - Кенесары ескерткішінен төмен орналасқан ротондаға өзгертілді.
Маршруттың ұзақтығы 3 км, ал уақыты 25-30 минут. Өзенде саяхаттаудың экскурсиялық-қыдыру қызметінің бағасы ересектер үшін - 500 теңге, балалар үшін - 250 теңге.
Көпір құрылысы жөнделгеннен кейін «Астана-Есіл» қайтадан бұрынғы бекітілген маршрут бойынша Кенесары ескерткішінен Ақордаға дейін қашықтығы 18,8 км жолаушылар тасымалдайды. Үлкендерге - 1000 теңге, балаларға - 500 теңге.
Есіл өзеніндегі навигация маусымы 31 қазанға дейін жалғасады.