Есік қаласындағы зорлауға қатысты істе полицейлер немқұрайдылық танытты деп айыпталуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Есік қаласындағы қыз зорлау ісі бойынша полиция қызметкерлері «немқұрайдылық» жасады деп айыпталуда. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Жібек Мусинованың қорғаушысы Айман Умарова жеткізді.

«Мемлекеттік айыптаушы прокурорлар жәбірленушіні зорлағандарды 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жібектің өзі қылмыскерлерге қанша жыл берілсе де олардың келтірген зиянының орны толмайтынын, шығыны өтелмейтінін айтып отыр. Ол әлі күнге дейін өз-өзіне толық келе алмай жүр», - деді адвокат Айман Умарова.

Оның айтуынша, осы оқиға бойынша полиция қызметкерлеріне де «қызметіне немқұрайлылықпен қарады» деген бап бойынша іс қозғалған. «Менің білуімше, полиция қызметкерлеріне қатысты істі ішкі қауіпсіздік бөлімі қарап жатыр дейді. Алайда, оған бізді шақырған жоқ. Біздің ашуымызды келтіретін тағы бір мәселе сол күні Жібекті полиция бөлімшесіне алып келгенде, онда бір де бір тергеуші болмаған. Тек тағылымдамашы (стажер) ғана болған. Жанахмет Ердос деген тағылымдамашы өзінің дәл сол жағдайда шошып кеткенін, не істерін білмегенін алға тартады. Сондықтан да, іс басынан бастап дұрыс хатталмаған. Дегенмен, осы қылмыстық оқиғаны жинақтап қарағанда, олардың зорлық жасағаны, қылмысқа барғаны бәрі анық көрініп отыр», - дейді А. Умарова.

Еске сала кетейік, қоғамның үлкен резонансын тудырған сот отырысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының сотында талқылау жүрген болатын. Жабық режімде өткен сот процесі бойынша төрт адам: Асхат Бектұрсын, Елтай Нұрбол, Алмас және Ербол Ермековтер ісі қаралуда. Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы Есік қаласының тұрғыны Жібек Мусинованы зорлаған деген төрт айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Соттың соңғы шешімі қараша айының 15-іне шығады деп жоспарланып отыр.

Жібек Мусинованы зорлаған деген күдікпен  төрт азамат бірнеше бап бойынша айыпталып отыр. ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 121-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен А.Ж.Бектұрсын, Н.Т.Елтай, ҚР ҚК-нің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, 120-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, ҚР ҚК-нің 121-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен А.А. Ермеков, Е.Н.Ермековке қатысты қылмыстық іс 4 қазан күні сотқа түсті.  Айта кетейік, бұған дейін Жібек Мусинованың анасы әлеуметтік желі арқылы қызын бірнеше адам зорлап кеткендігі жөнінде хабарлап, халықтан араша түсуін сұраған еді. Қоғамның үлкен талқысына түскен қылмыстық істі облыстық ІІД  өз бақылауына алған болатын.

Соңғы жаңалықтар