Есік қаласында балабақшадағы бүлдіршінді ұрған жаттықтырушы жұмыстан шықты

None
Кадр из видео/ instagram.com/egovpress
ЕСІК. ҚазАқпарат - Алматы облысында балабақша тәрбиеленушісін ұрған каратэ нұсқаушысы жұмыстан шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында орналасқан «Айжан» бөбекжай балабақшасында болған.

«26 мамырда Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы «Айжан» бөбекжай балабақшасының «Жалын» тобындағы тәрбиеленушінің ата-анасынан каратэ нұсқаушысы баласын жұлқылап, ұрды деген ауызша шағым түсті. Жағдай арнайы бейнебақылау камерасы арқылы дәлелденді. Балабақшаның спорт залында тұрған бейнебақылау видеосын қарағанда каратэ нұсқаушысы жаттығу барысында балаларды қолымен нұқып, аяғымен түртіп, жұлқылағаны анықталды»,- делінген Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жағдайға байланысты балабақша қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті.

Каратэ нұсқаушысынан түсініктеме алынып, педагогикалық этика нормалары мен лауазымдық нұсқаулығында көрсетілген міндеттерді орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» берілді.

Сонымен қатар, ол өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бүгінгі күні балабақшаның «Жалын» тобының тәрбиеленушілерінің ата-аналары Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына шағым түсірген.

Тергеу амалдары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар