Есік қаласында 12 ғасыр бұрынғы жебелі қылшан таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде шамамен IX-X ғасырларға жататын қабығы қайың ағашынан жасалған жебелі қылшан таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет және спорт министрлігінен хабарланғандай, жебелі қылшанның таныстырылымы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара аясында таныстырылып отыр. Тарихи жәдігерді елімізге белгілі реставратор Қырым Алтынбеков таныстырды. null

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін тарихи жәдігерлердің маңызын кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында осындай үлкен іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл қылшан - «Ғылым Ордасы» РМК археология музейінің (2010 жылға дейін - ҚР Ғылым академиясының Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының археология музейі) қорынан табылған. 2010 жылы «Есік» қорық-музейіне тапсырылған. Тапсыру кезінде бұйым ұсақ бөлшектелген күйінде берілгендіктен (105 дана), Алтын адам қабірінен табылған жайпақ ағаш табақ ретінде көрсетіліп, қателіктер орын алған. Ал қорық-музей қызметкерлері бұл жинақта қайың қабығынан жасалған материалдардың жоқ екенін анықтаған соң 2015 жылы реставратор Қырым Алтынбековке көрсеткен болатынбыз. Реставратор бұл бұйымның қайың қабығынан жасалған қылшан екенін анықтап, қайта қалпына келтірді», - дейді мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей директоры Тасқын Тойбаев.null null

Өз кезегінде реставратор Қырым Алтынбеков осындай жәдігерлерді барынша сақтауға күш салып келе жатқан музей қызметкерлеріне алғыс білдірді.

«Бұл жәдігер қолымызға тиген кезде ешкімге түсініксіз бөлек-бөлек заттар болатын. Оның ішінде қайың қабығы, ағаш, қола, тері, жібек мата болды. Мұның бәрі - маңызды заттар. Әрбір жәдігер - ақпарат тасушы. Біз сол тарихи жәдігерді зерттей отырып, тарихты жазамыз. Осының бәрін неше жыл бойы ғылыми зерттеп, құрастырып шыққанда, мінекей, осындай Қимақ уақытындағы қылшан шықты. Бұл - Жетісу бойында көп кездесе бермейтін жәдігер», - дейді Қырым Алтынбеков.null

Қылшанның тұсаукесерімен қатар музейде «Ұлы даланың ұлы мерекесі - Наурыз» аталып өтті. Мереке аясында туризм және БАҚ саласындағы әріптестерге музей ісіне қосқан үлесі үшін арнайы марапат тапсырылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі археологтар мен ғалымдар қатысты.

Соңғы жаңалықтар