Ешкімге кінә артпаймыз - Алматыда менингиттен көз жұмған баланың туыстары

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертен менингокок жұқпасынан көз жұмған 5 жасар баланы туыстары жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Дәрігерлерге де, балабақша мен бассейн иелеріне де кінә тақпаймыз. Ауруды қайдан жұқтырғанын білмейміз ғой. Дәрігерлер қолынан келген көмектерін аямады, қан ауыстырды. Алайда баланы құтқарып қалу мүмкін еместігін айтты. Көз жұмған баланың ата-анасының жағдайы ауыр. Бала туралы ақпарат пен дәрігердің қорытындысы желіні шарлап, тіпті сонау Германиядағы туыстарына жеткен. Жеке мәліметтер өзге біреудің қолына қалай түскенін білмей отырмыз. Мұны таратушыны табу үшін прокуратураға арыз жазамыз. Біз қайғыға батып отырмыз, ал олар мұны өз мақсаттарына пайдалануда»,-деді марқұмның туыстары.

Қайтыс болған бала барып жүрген балабақша карантинге жабылды. Ал баламен байланыста болған балалар жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің бақылауында.

Еске сала кетсек, 18-мамыр күні 5 жасар бала балабақшада ауырған. Ата-анасы үйіне алып келген сәтте баланың құсуы жиілеп, денесі бөртіп, әлсірей бастаған. Ата-анасы өз  беттерінше баланың дене қызуын өздері  түсіре алмаған соң дәрігердің көмегіне жүгінген болатын. Ізінше бала жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды.

Арайлым Жолдасбаева

Соңғы жаңалықтар